Евразиялық одақ

ЕАЭО елдерінің азаматтары үш мемлекетте де жұмыс істеуге құқылы – В.Путин

Еуразиялық экономикалық одақ елдері қандай да бір рұқсаттама қағаздарын рәсімдемей-ақ үш елдің ішіндегі қалаған мемлекетіне барып жұмыс істей береді, деп бүгін ЕАЭО Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесінде РФ Президенті Владимир Путин хабарлады.
Астана қаласы29 Мамыр , 15:16

«Еуразиялық экономикалық одақтың артықшылықтарын біздің азаматтар да өз игіліктеріне пайдалануы керек. Олар ендігі кезекте ешқандай да бір рұқсаттама құжаттарын рәсімдемей-ақ қалаған үш мемлекеттің бірінде жұмыс істеу құқына ие болады», - деді В.Путин.

РФ Президентінің айтуынша, алдағы уақытта одаққа Армения қосылуы мүмкін.

«Әрине, біз одаққа қатысушы мемлекеттердің санын арттыру мәселесіне де тоқталдық. Одаққа Арменияны қосу туралы Келісім жобасын қарадық. Бұл құжатқа барынша жақын арада қол қоятын боламыз. Армян тарабы бұл шараны маусым айында атқаруды айтып еді, біз оған келісім бердік. Жалпы, менің ойымша, алдағы уақытта Армения одақтың тең құқылы мүшесіне айналады», - дейді В.Путин.

Сонымен қатар, Путин Қырғызстанның да одаққа қосылу мүмкіндігіне тоқталды.

«Біз қазір Қырғызстан Президентімен тиісті құжаттарды дайындау шараларын қолға алып, өзіміздің тараптан көмектесудеміз. Одаққа қосылуға Қырғызстанның мүмкіндігі мол», - деді ол.  

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің  отырысында Қазақстан, Ресей мен Беларусь президенттері 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін ЕАЭО туралы Келісімге қол қойды. 

Индира Кауметова 




Яндекс.Метрика