Евразиялық одақ

ЕАЭО үш мемлекетке бірдей тиімді болмақ - Г. Кочофа (ВИДЕО)

Еуразиялық экономикалық одақ мүше үш мемлекетке бірдей тиімді болмақ. Бұл туралы «Strategy2050.kz» АА тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Бенин Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Анисет Габриэль Кочофа мәлім етті.
Астана қаласы 28 Мамыр, 15:10

«Қазақстан мен Ресей өркендеп дамып келе жатқан мемлекеттер. Ал, Белоруссия болашағын жарқын етуге талпынып жатқандардың қатарында. Менің ойымша, Еуразиялық экономикалық Одақ бұл үш мемлекет үшін бірдей тиімді болмақ. Біз тарихты ұмытпауымыз керек. Кезінде бұл елдер бір мемлекеттің құрамында болған. Олардың арасындағы байланыс бұрыннан қалыптасқан. Және жаңа заманда экономикалық тұрғыда осындай берік ынтымақтастықты орнату ол тек құптарлық жағдай», - деді сөз басында Габриэль Кочофа.

Сонымен қатар, ол, алдағы уақытта бұл одаққа көптеген мемлекеттер кіретініне сенім білдіріп, Қазақстанның бүгінгі жағдайын тілге тиек етті.

«Қазақстан өте бай мемлекет. Оның көмірсутегі, мұнай, газ қоры мол. Ал, мына Астана қаласының санаулы жылдарда осыншама өсіп өркендеуі кез-келген адамды таңғалдырады. Мұндай қаланы, дәл осындай жылдамдықпен дамып жатқан қаланы еш жерде кездестірмейсін. Бұл Қазақстанның сенімді серіктес бола алатынын дәлелдейтін іспетті», - деп Габриэль Кочофа ағынан жарылды.

Бұдан басқа, Елші өзінің іс-сапарының негізгі мақсатымен де бөлісті.

«Бүгінде біз Қазақстанда өзіміздің елшілігімізді ашсақ деп едік. Бенин Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына арнайы хат жолдады. Қазіргі таңда Қазақстан Презитентінің келісімін күтіп отырмыз. Бұл жайдан-жай емес. Біз Қазақстанды жақсылап зерттедік. Мемлекеттің білім, экономика, мәдениет саласында әлеуеті зор екені көзге ұрып-ақ тұр.  Егер, мақсатымызға жететін болсақ, онда екі мемлекет арасында жан-жақты байланыс орнатып, ілкімді жобаларды жүзеге асырамыз», - деп Габриэль Кочофа өз ойын түйді.





Дерекнама

Яндекс.Метрика