Инвестициялар

М.Құсайынов инвестициялық климатты жақсарту заң жобасының артықшылықтарын атады

Бүгiн Үкімет отырысында инвестициялық климатты жетілдіру бойынша заң жобасы қаралды. ҚР Президентi жанындағы ОКҚ өткен брифингте ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау вице-министрi Марат Құсайынов заңнамаға енгiзiлгелі отырған өзгерiстер бойынша келісім шартқа отыру аясындағы бірқатар шараларды атады.
Астана қаласы27 Мамыр , 16:22

Оның айтуынша, заңнама инвесторлармен жасалатын инвестициялық келісімшарттардың тетігі мен шарттарын қайта қарауды, инвестициялық преференцияларды кеңейтуді, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша шаралар қабылдауды көздейді.

«Ең алдымен, жасалатын келісімшарттар шеңберінде инвесторларды мемлекеттік қолдаудың төмендегiдей қосымша шаралары енгізіліп отыр: -10 жылға КТС төлеуден босату; -10 жылға жер салығын төлеуден босату; -8 жылға жылжымайтын мүліккке салық төлеуден босату; -объекті пайдалануға берілгеннен кейін мемлекет тарапынан инвесторлардың күрделі шығындарын 30%-ға дейін өтеу (инвестициялық субсидиялар)», - деп Марат Құсайынов хабарлады.

Екіншіден вице-министр атап өткендей, инвесторлармен келісімшарт жасасқан сәттен бастап 10 жылдық мерзімге салық ставкаларының, ҚҚС және акциздерден басқа, экологиялық төлемдер мен алымдардың «тұрақтылығын» енгізу көзделіп отыр.

Үшiншiден, жасалған келісімшарттар шеңберінде инвесторларға инвестициялық жобаны іске асырудың барлық мерзімінде және объекті пайдалануға енгізілгеннен кейін бір жыл бойы квотасыз және рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тарту құқығы ұсынылады.

«Төртіншіден, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инвестиция комитетінің құзыретіне инвесторларға инвестициялық келісімшарт жасасқан жағдайда көмектесу міндеттері енгізіледі, - деп ол өз ойын жалғастырды.

Бесiншiден, келісімшарт жасасқан инвесторлардың құжаттарды жинау және әзірлеуге қатысуын азайту, мемлекеттік қызмет көрсететін субъектілермен тікелей қатынасты шектеу мақсатында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инвестиция комитетінің базасында инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты енгізілуде.

«Бұған қоса, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін экономиканың нақты секторына арналған тарифтердің болжамдылығын қамтамасыз ету жолымен ұзақ мерзімге, яғни 5 жыл және одан да ұзақ уақытқа табиғи монополияның барлық субъектілеріне тарифтердің шектеулі деңгейін бекіту қарастырылады», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, инвесторлардың мүдделерін және құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында заңды негізде «инвестициялық омбудсмен» институты енгізілуде.

Бұдан басқа, заңнамамен Салық кодексіне, инвестициялар, табиғи монополиялар және реттелетiн нарықтар, халықты жұмыспен қамту, халықтың көші-қоны туралы Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Оның айтуынша, заңнаманы қабылдау инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді және елдің экономикасына шетелдік және отандық инвестициялардың тартылуын қамтамасыз етеді. 

Мадина Нұрбекова




Яндекс.Метрика