Евразиялық одақ

ЕАЭО келісім шарты экономикалық әрекеттестікке бағытталған – С. Ордабаев

Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісім әрекеттестікке бағытталған, бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Самат Ордабаев мәлім етті.
Астана қаласы26 Мамыр , 13:21

«Біз келісімді саясиландыруға жол бермедік. Одақ тек қана экономикалық байланыс негізінде жұмыс жасайды. Қазақстанның позициясы арқасында келісімнен жалпы азаматтық, сыртқы саясат, парламентаралық ынтымақтастық, төлқұжат-виза саласы, шекараны ортақ қорғау, экспорттық бақылау тәрізді т.б. сұрақтар алынып тасталды. Тізім өте үлкен», - деді С.Ордабаев. 

Осы ретте атап өтерлік жайт, болашақ келісімнен алынып тасталған салалар ешқайда кетпейді, ешқандай «сұрғылт» аймақ жоқ, деді ол.

«Бұл мәселелер Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшарт ұйымы, сол сияқты ТМД аясындағы екіжақты және көпжақты құжаттар арқылы реттеледі. Сондықтан ешқандай құқықтық ваккум болмайды. Бұл одақтың ерекшелігі тек экономикалық сұрақтар ғана болмақ. Сондай-ақ, үлкен әлеуметтік блокты алып тастадық. Бұл сұрақтар да екіжақты және көпжақты тұрғыда реттеледі», - деп  атап өтті ол.

Оның айтуынша, келісімнің институционалдық бөлігі мен оның үш қосымшасы – Еуразиялық экономикалық комиссия туралы, Одақ сотының мәртебесі, комиссия қызметкерлерінің дәрежесі туралы құжаттардан басқа, тағы екі құжатқа қатысты келісімге жетті.

«Бұл халықаралық қызметті іске асыру тәртібі мен одақтың үшінші елдермен халықаралық құжаттарды дайындау мен қол қою тәртібі туралы келісімдер. Соңғы екеуінде құжаттың негізгі мәні айқындалған», - деді С.Ордабаев. 

Камила Амирова




Дерекнама

Яндекс.Метрика