Үкімет

Қазақстан мен Албанияның Үкімет басшылары ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен біздің елімізге бірінші ресми сапармен келген Албания Республикасының Министрлер Кеңесінің төрағасы Эди Рама бастаған екі елдің үкіметаралық келіссөзі болып өтті.
Астана қаласы26 Мамыр , 09:00

Келіссөз барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша Қазақстан-Албания ынтымақтастығын әрі қарай дамыту мәселелері талқыланды. Үкіметтер басшылары экономиканың түрлі салаларында өзара іскерлік қарым-қатынастарды тереңдету қажеттілігін атап көрсетті, деп Премьер-Министрдің ресми порталы хабарлады.

Атап айтқанда, Э.Рама мұнай-газ саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, туризмді дамыту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту бағытындағы екі жақты ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін айтты.

Өз кезегінде, К.Мәсімов қосарланған салық салу жүйесін алып тастау және инвестицияларды өзара қорғау туралы құжаттарды әзірлеуге міндетті үкіметаралық комиссия құруды ұсынды.

«Біздің елдеріміздің арасында екі ел байланыстарының дамуына тың серпін беретін осындай үкіметаралық келісімдерді бекітудің маңызы зор»,- деді К.Мәсімов.

Кездесу нәтижесі бойынша Үкіметтер басшылары Бірлескен декларацияға қол қойды. Декларация аясында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар мен саяси диалогты дамытуға бағытталған бастамаларды қолдау туралы келісімге келді.

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика