Макроэкономикалық саясатты жаңғырту

Қазақстанның ағымдағы макроэкономикалық ахуалы біршама жақсы - Г.Марченко

Қазақстанның Ұлттық банкі қазіргі саясатын өзгертетін себеп көріп тұрған жоқ. Қазақстан экспорттайтын шикізаттың бағасы қалыпты, еліміздегі ағымдағы макроэкономикалық жағдай оң бағалануда. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко ЭСКАТО-ның жоғары деңгейлі саясат мәселесі бойынша диалогы барысында мәлімдеді.
Казахстан27 Тамыз , 00:00

Г.Марченконың айтуына қарағанда, Қазақстанның экономикалық өсу қарқыны 5-6 пайыз, елдегі инфляция деңгейі қалыпты көрінеді.

«Еліміздегі инфляцияға қатысты ұзақ мерзімдік болжам жылына 6-мен 8 пайыз деңгейінде, инфляция деңгейі осы көрсеткіштен төмен 5,9 пайыз, ол осы деңгейде соңғы бірнеше айда өзгеріссіз қалып отыр», - деп отыр банкир.

Ұлттық банк төрағасы Қазақстанда банк саласы жақсы қызмет істеуде, төлем жүйесі өсуде, яғни «Қазақстанның ағымдағы макроэкономикалық ахуалы біршама жақсы».

Шикізат нарығындағы құбылмалылыққа келсек, баға бір өсіп, бір түсіп отыр, Ұлттық банкі басшысының айтуына қарағанда ол соңғы 4,5 жылдан бері жалғасуда. 

«Қазір мұнай бағасы барреліне 110-111 доллар шамасында, бұл бізге оңтайлы баға, мыстың тоннасы 7 300 доллар, астықтың тоннасы 230 доллар. Яғни, Қазақстан экспорттайтын шикізат тауарларының бағасы қалыпты, яғни бағытты өзгертуге себеп көрмей тұрмын», - деді ол.

Г.Марченко «Қазақстан өз жетістігіне тоқмейілсуіне болмайды, сондықтан ЭСКАТО-ның мемлекеттік саясат саласындағы диалогына әзір».

«Біз осы шараның ұйымдастырушыларының біріміз, шараға Солтүстік және Оңтүстік Азия аймағынан көп адам қатысты. Екі күнде қаржы-несиелік, салық-бюджеттік саясат, өңірлік инфрақұрылымды дамыту, жаһандық және өңірлік қаржы ынтымақтастығына қатысты және басқа мәселелер талқыланады. Бұл диалогқа қатысушы барлық тарапқа пайдалы деп ойлаймыз. Өз тәжірибемізбен бөлісе отырып, басқа елдерің сол мәселеге қатысты тәжірибесін зерделейміз», - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.

«Солтүстік және орталық Азияның сенімді және тұрақты өсуіне арналған макроэкономикалық саясат» атты жоғары деңгейлі саясат мәселелері бойынша диалогын Қазақстанда Ұлттық банк пен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) бірлесіп алғаш рет өткізді. Диалог 1947 жылы экономикалық дағдарыстан шығу жолдарын іздеу үшін құрылған ЭСКАТО-ның кеңес беру бөлімінің бір парасы.




Яндекс.Метрика