Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері

Қарағанды облысы әкімшілігі мен Қазақмыс корпорациясы өзара ынтамақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қарағанды облысы әкімі Әбілғазы Құсайынов Жезқазған қаласында жұмыс сапарымен болып, актив жиынын өткізді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қарағанды27 Желтоксан , 00:00

Онда негізінен Жезқазған, Сәтпаев қалалары мен Ұлытау ауданының 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, сондай-ақ 2012-2017 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы қаралды.

Сонымен қатар Жезқазған өңірінің энергия көздерін және инженерлік желілерін дамыту, тарифтік саясат мәселелері қаралды.

Актив жұмысына «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай, жоғарыда аталған аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары қатысты.

Облыс әкімі Жезқазған аймағында қол жеткізілген айтарлықтай жетістіктердің бар екендігін атап өтті.

«Дегенмен солай екен деп арқаны кеңге салып, тоқтап қалуға әсте болмайды. Керісінше қарқынды үдетіп, экономикалық дамуды арттыра түсуіміз керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050 стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттік жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында осындай міндеттер қойып отыр. Оның ішінде үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру жайын айрықша атап айтқан болатын», - деді өз сөзінде өңір басшысы.

Аталмыш бағдарлама шеңберінде жаңа инвестициялық жобалар іздестіріп, іске қосылған кәсіпорындардың жобалық қуаттылығына шығуына көмектесу керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық мемлекеттік және салалық бағдарламаларды өңірді дамытудың басым бағыттарын шеше отырып, үйлестіру қажет.

Талқылау қорытындысы бойынша Әбілғазы Құсайынов Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау ауданы әкімдеріне, сондай-ақ облыстық басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Осыдан кейін 2013 жылға облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС арасында өзара ынтамақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Корпорация қаржысына Мұстафин атындағы кенттегі 47 пәтерлік үй мен Қарқаралы ауданындағы аурухана күрделі жөндеуден өткізіледі.

Сатпаев қ. «Кеншілер даңқы» алаңын абаттандырып, коммуналдық базарға ғимарат сатып алу жоспарланып отыр. Корпорация Жезқазған қ. магистралды су құбырын қалпына келтіруге қаражат бөлмекші.

Сонымен қатар алдыңғы жылдардағыдай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне материалдық көмек көрсетіліп, басқа да әлеуметтік жобалар қаржыландырылатын болады.

«Осындай маңызды құжаттарға қол қою Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерді табысты шешуге мүмкіндік береді. Өзара ынтымақтастығымыз «Қазақмыс» компаниясымен арадағы іскерлік байланыстарымызды одан әрі нығайтып, жұмысқа жаңа серпін береді деген сенімдеміз», - деді сөз соңында Әбілғазы Құсайынов.




Дерекнама

Яндекс.Метрика