Ұлттың денсаулығы

Алматыда онкологтар мен радиологтардың V съезі өтті

Қазақстанның онкологтары мен радиологтарының V съезі отандық және халықаралық мамандар үшін бірегей тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Алматы қаласы30 Сәуір , 17:43

Съезде еліміздің әр аймағынан жиналған 500-ден астам және Ресей, Австрия, Германия, Малайзия, Австралия, Жапониядан келген делегаттар бас қосты.

Жиында еліміздегі қатерлі ісікті алғашқы сатысында емдеудің скринингтік бағдарламаларының бүгінгі таңдағы жетістіктері мен нәтижелері, обырды емдеудің жаңа әрі ұтымды тәсілдері жөнінде айтылды.

Басқосуда халықты қатерлі ісіктің алдын алу туралы ақпараттандыру мен денсаулығын күту мәдениетін көтеру мәселесіне баса мән берілді. Дәрігер мен науқас арасындағы ортақ жауапкершілік жайы сөз болды.

«Халықты профилактикалық бағдарламалар туралы ақпараттандыру заңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес, енді тұрғылықты мекенжай ғана емес, жұмыс орны бойынша да жүргізіледі», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Құлқаева.

Сингапур университетінің профессоры Филипп Йау дәл осы съезге қатысу үшін мотоциклмен 9 мың шақырымды қашықтықты жүріп өткен. Ол журналистерге Қазақстан-Сингапур сапарының қызығын әңгімелеп берді. Және бұл қадамға әлемдік қатерлі ісік мәселесіне назар аударту мақсатында барғанын айтты. 

Ауқымды мәселелерге арналған съезд бүгін жұмысын аяқтайды.

 




Яндекс.Метрика