Қазақстандық үлгі Тәуелсіздігіміздің игілігі

Будапеште Қазақстан Президенті туралы өмірбаяндық кітаптың тұсаукесері өтті

Мажарстанның астанасы Будапешт қаласында Махмұт Қасымбековтің мажар тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» деп аталатын кітабының тұсаукесері болып өтті.
Әлемде29 Сәуір , 16:58

Бұл кітапты Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметін ресми тарихи-ғұмырнамалық зерттеудің алғашқы тәжірибесі деуге болады. Мұнда оның қарапайым ауылдағы жасөспірім кезінен бастап, ұлт көшбасшысына дейінгі өмір жолы баяндалады, деп СІМ-де хабарлады.

Басылымда басты назар Н.Ә.Назарбаевтың саяси өмірбаянына аударылған, ол Қазақстанның ХХ-ХХІ ғасырлар аралығындағы дамуы кезінде болып өткен драмалық және әдеттен тыс оқиғалар мен процестердің аясында берілген.

Ауқымды мұрағат материалдарының негізінде әзірленген өмірбаян Қазақстанның ең бертінгі тарихы бойынша елеулі құжаттама көзі болып табылады. Кітапта фотосуретпен безендірудің бай материалдарымен бірге, жеке құжаттардың түпнұсқаларымен теңдес көшірмелері алғаш рет ұсынылады. Ал мұның өзі оқырманның суреттелетін оқиғалар ауанына толығырақ қанығуына септігін тигізеді.

Бұл басылымға оның авторы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұт Қасымбеков екені туралы дерек ерекше құндылық береді, ол көп жылдар бойы мемлекет басшысының тікелей қарамағында қызмет атқарып, президенттік институтты зерттеумен кәсіби тұрғыда айналысып келеді.

Оның ғылыми және шығармашылық қорында президенттік институтқа, Н.Ә.Назарбаевтың саяси қызметіне арналған ғылыми монографиялар, оқу құралдары, көп томдық басылымдар, публицистикалық жинақтар, көптеген мақалалар бар.

Қазақстан Президенті туралы ғұмырнамалық кітаптың 2012 жылы жарық көрген сәтінен бастап, тек Отанымызда ғана емес, шет елдерде де қызығушылық тудыруы кездейсоқ емес. Қысқа мерзім ішінде ол орыс, ағылшын және араб тілдеріне аударылып, жарық көрді.

Кітаптың мажар тіліндегі нұсқасы Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігінің қолдауымен жарық көрді. Оның Мажарстан Ғылым академиясының ғимаратында өткен тұсаукесеріне мажар тарапынан Мажарстан Өңірлік даму министрі Шандор Фазекаш, Парламентінің Дуайені Янош Хорват, ҚР Мажарстандағы құрметті консулы Ласло Хорват пен басқа да ресми адамдар, ғылыми және шығармашылық зиялыларының, Мажарстандағы қазақ диаспорасының өкілдері, журналистер мен студенттер қатысты.

Қазақстан тарапынан кітаптың авторы Махмұт Қасымбеков, ҚР Венгриядағы Елшісі Нұрбах Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары Бақытжан Темірболат, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Мейір Ескендіров қатысты.

Кездесу жылы әрі сенімді пікір алысу жағдайында өтті.Таныстырылымға қатысушылар Қазақстан басшысы туралы мажар тілінде жарық көрген кітап екі достас халықтардың жақындаса түсуі орайындағы тағы бір нақты қадам деген ортақ пікірде болды.

Күннің екінші жартысында Қазақстан делегациясының қатысуымен Секешфехервар қаласындағы Янош Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университетінде «Қазақстан жолы және Н.Ә.Назарбаев» құрметті кафедрасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

Бұл жобаны мажар тарапы ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының және ҚР Мажарстандағы Елшілігінің қолдауымен әрі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетімен (Алматы қ.) бірлесе отырып жүзеге асырды.

Рәсімде сөз алған ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков, ҚР Венгриядағы Елшісі Нұрбах Рүстемов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің ректоры Серик Пралиев және Я.Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университетінің ректоры Петер Сабо Мажарстанның жетекші университеттерінің бірінің қабырғасында осындай ғылыми-білім беру орталығының ашылуы студенттер мен оқытушыларға қазіргі Қазақстан, оның ерекшелігі мен даму келешегі, қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, Президент Н.Ә.Назарбаевтың қызметі туралы көбірек білуіне, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларына қосымша серпін беретіндігін атап өтті.

Қазақстан тарапы университеттің кітапханасына сый ретінде Қазақстан туралы үлкен кітаптар кешенін тарту етті.

 




Яндекс.Метрика