Евразиялық одақ

ЕЭО-ның құрылуы қазақстандықтардың өміріне оң әсер етеді - А. Оспанов студент

Еуразиялық Экономикалық Одақтың құрылуы қазақстандықтардың өміріне оң әсер етеді, дейді Мәскеу Мемлекеттік университетінің Қазақстандағы бөлімшесінің 2 курс студенті Алпамыс Оспанов strategy2050.kz агенттігіне берген сұхбатында.
Астана қаласы29 Сәуір , 13:10

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын ұсынған Еуразиялық Экономикалық Одақ құру туралы ұсынысы бүгінгі күні өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, көпшілік тарапынан қолдауға ие болып отыр. Өйткені, қазіргі кездегі әлемдік үрдістерге қарайтын болсақ, Қазақстан мен Ресей секілді екі елдің өзара интеграциясы тек қана қатысушы елдердің пайдасына қызмет етпек. Бұл тұрғыда Ресейдің ірі батыс нарығымен тығыз байланыста екенін ескерсек, бұл бастама біздің ел үшін өте тиімді болмақ», - дейді Алпамыс  Оспанов.

Оның айтуынша, Еуразиялық Экономикалық одақтың құрылуы қазақстанықтардың өміріне оң әсер етіп, жалпы қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін бермек.

«Қазақстан, Ресей мен Беларусьтің экономикалық ықпалдастығы әсіресе біздің елдің кәсіпкерлері мен шағын және орта бизнесіміздің дамуына айрықша ықпал етпек. Өйткені Қазақстан нарығының әлемдік тұрғыда дамуы үшін Ресей мен Беларусь елдерінің нарығына да шығып, сату алаңын кеңейткені жөн. Бұл тұрғыда отандық кәсіпкерліктің тасының өрге домалайтыны анық», - дейді А. Оспанов.

Сонымен қатар, ММУ студентінің пікірінше, мәселенің екінші жағы, ресейлік кәсіпкерліктердің Қазақстан нарығына шығу мүмкіндігінің алуы да жалпы Қазақстан нарығына тиімді болмақ. Олай дейтін себебі, әлемдік деңгейде алпауыттармен бәсекеге қабілетті Ресей кәсіпкерліктері біздің елде ішкі нарықтың да бәсекеге қабілеттіліктерін арттырып, отандық бизнеске тың серпін бермек. 

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық интеграция бойынша дәріс оқыған болатын.

Бауыржан Мұқанов




Яндекс.Метрика