Өңірлер

Техника сатып алу өтініштерінің саны күн санап өсуде – ҚазАгроҚаржы

2014 жылдың көктемгі-егіс жұмыстары шеңберінде ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға тапсырылған өтінімдердің саны арта түсуде, деп «ҚазАгроҚаржы» АҚ-да мәлімдеді.
Казахстан29 Сәуір , 11:29

«2013 жылдың көктемгі-егіс жұмыстары кезеңінде лизингке барлығы 12, 3 млрд. теңгеге 1 234 бірлік техника лизингке табысталған болса, ағымдағы жылдың сәуір айының соңына қарай «ҚазАгроҚаржы» АҚ компаниясына егіс жұмыстарына сомасы  13, 5 млрд теңгеге 1 576 бірлік техника сатып алуға  өтінім  тапсырылып та қойған - бұл өткен жылдың көрсеткішінен 27 % жоғары», - делінген хабарламада.  

Техникаға деген сұраныс еліміздің кейбір аймақтарында егіс жұмыстарының әзірше басталмағанына қарамастан, ұлғая түсуде. Сарапшылар техника сатып алуға берілген өтінімдердің көбеюін егіс алқаптарының ұлғаюымен, Қазақстандағы машина-трактор паркін жаңарту қажеттілігімен және шаруагерлерге «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы табысталатын техниканың жалпы қол жетімділігімен байланыстырады.

Бүгінгі таңда Қоғам 6, 8 млрд. теңгеге 687 бірлік техникаға қаржы лизингі шартын жасасып та қойған (салыстыру үшін, 2013 жылы - 5,2 млрд. теңгеге 562 бірлік). 272 бірлік техниканы қаржыландыруға тапсырылған өтінімдер мақұлданды, шаруагерлерден келіп түскен қалған өтінімдер қаралу үстінде және таяу арада техникалар өз иелерін табатын болады.

Жалпы «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі ағымдағы жылдың көктемгі-егіс жұмыстарына 61,6 млрд.теңге бағыттауды жоспарлап отыр, оның 40 млрд.теңгесі бюджеттік несие. Ағымдағы жылы егіс жұмыстарына несиелер еншілес компаниялар арқылы өткен жылдағы ұқсас несиелік өнімдер бойынша беріледі. Бұдан басқа «ҚазАгро» алғашқы рет көктемгі-егіс жұмыстарын екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыратын болады.

 

 




Яндекс.Метрика