Евразиялық одақ

Б.Сағынтаев Мәскеудегі ЕЭК кеңесінің отырысына қатысты

Мәскеуде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) кеңесінің отырысына қатысты.
Әлемде29 Сәуір , 09:12

Ертең Минскіде Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттерінің қатысуымен өтетін жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы қарсаңында, ЕЭК кеңесі Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістікті одан әрі дамытудың мейлінше көкейкесті мәселелерін қарады, деп Премьер-Министрдің ресми порталы хабарлады.

Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ туралы Келісім жобасы, сондай-ақ мемлекеттердің өзара тиімді мүдделерін қанағаттандыруға және интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған жобаларды жасау барысындағы әріптес елдермен бірлескен жұмыстардың негізгі аспектілерін талқылады.

БЭК кеңесі бәсекелестікті дамыту, мұнай мен мұнай өнімдерін алып өту, газ және автокөлік тасымалы, теміржол тарифтерін қолдану мен ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларын анықтады.

Өнеркәсіптік, агроөнеркәсіптік, валюталық сфераларды, қаржы рыноктарын қамтитын, экономиканың негізгі секторлары бойынша бұл салаларды өзара тиімді дамыту жөніндегі ортақ түсіністікке қол жеткізілді.

Отырыс қортындысы бойынша Кедендік одақтағы сыртқы экономикалық қызметтер шарттарын ықшамдау және жетілдіру, атап айтқанда «бірыңғай терезе» жүйесін енгізу жөніндегі одан арғы өзара іс-қимыл туралы шешім қабылданды.

Тараптар экономикалық интеграцияны дамыту бағытындағы бірлескен жұмыстың жоғарғы ынтымақтастық деңгейінің және тең құқықты қарым-қатынас әлеуетін тиімді пайдалануға пейіл екендіктерінің жарқын көрінісі болып табылатынын атап көрсетті.




Яндекс.Метрика