ҚР Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы

Жамбыл облысында 15 балабақша мен 8 шағын орталық ашылады

Бүгін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірдің Жамбыл ауданы Түркісіб ауылындағы 280 орындық жаңа балабақшаның ашылу салтанатына қатысты.
Жамбыл 25 Сәуір, 15:48

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің құрылысы 2013 жылы басталған болатын. Жобаның сметалық құны шамамен 512 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды облыс әкімдігі.

Қазіргі таңда Жамбыл облысына 383 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істеп тұр. Ондағы балалардың жалпы саны 40 мыңды құрайды.

2010 жылдан бері «Балапан» бағдарламасы аясында облыста 74 балабақша мен 132 шағын орталық ашылған.

Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама бойынша 2014 жылы облыста 450 орындық 3 мектепке дейінгі білім беру мекемесі пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін тағы да 15 балабақша мен 8 шағын орталықты елдің игілігіне ұсыну жоспарланған.

«Осылайша бағдарлама аясында өңірде тек биылдың өзінде 3370 бүлдіршін мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамтамасыз етіледі», - делінген хабарламада.

2013 жылы Жамбыл облысында 20 мектепке дейінгі оқыту орнының ашылғанын естеріңізге сала кетеміз. 





Яндекс.Метрика