EXPO-2017

Қазақстан «ЭКСПО-2017» тіркеу құжатын қорғады

23-24 сәуір аралығында Париж қаласында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары – ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Атқарушы комитет отырысында «ЭКСПО-2017» тіркеу құжаты бойынша есеп берді.
Әлемде25 Сәуір , 09:58

Тіркеу құжаты көрме нысандарының барлық техникалық құжаттарын қамтитын соңғы жоспар болып саналады. Оның ішінде инженерлік, құрылыс жұмыстарының кестесі, коммуникациялық жоспар, іскерлік жоспар және тағы басқа бағыттар қамтылған, деп Сыртқы істер министрлігінде хабарлады.

Р.Жошыбаев өз сөзінде Атқарушы комитеттің соңғы отырысынан кейінгі кезеңдегі атқарылған жұмыс туралы баяндап, қазақстандық тараптың Бас Хатшы Висенте Лоссерталестің наурыздағы Қазақстанға жасаған сапары кезінде айтылған барлық ұсыныстары назарға алынғандығын жеткізді. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» Комиссары көрме қатысушыларын аккредитациялау және қазақстандық виза беру туралы толық ақпарат берді.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК өкілдері Атқарушы комитет мүшелерімен бірге Тіркеу құжатының негізгі тармақтарын талқылады. Сөз барысында көрме кешенінің құрылысы жақын арада басталатындығы атап өтілді.

Отырыс қорытындысы бойынша Атқарушы комитеттің мүшелері «ЭКСПО-2017» көрмесінің Тіркеу құжатын бірауыздан қолдап, ү.ж. 11 маусымда Парижде өтетін Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) 155-ші Бас Ассамблеясының мақұлдауына ұсынуға шешім қабылдады.

Көрменің ресми мойындалып, ХКБ-ның туы алынғаннан кейін «ЭКСПО-2017» көрмесін әлемде ілгерілету мен халықаралық қатысушыларды жұмылдыру бойынша белсенді жұмыс басталады.
 




Яндекс.Метрика