EXPO-2017

Н. Назарбаев «Астана ЭКСПО- 2017» капсуласын салды

Бүгін елордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен болашақ «Астана ЭКСПО- 2017» көрме кешенінің іргетасына капсула салу рәсімі өтті, деп қала әкімдігінде хабарлады.
Нұр-Сұлтан24 Сәуір , 17:45

«Бүгін маңызды нысан - «ЭКСПО-2017» нысанының құрылысы басталды. Осы жылдар ішінде мен Астананың көптеген нысандарының құрылысын бастадым. Бүгінде қаламыз жайнап тұр, ал 2017 жылы - елордамыздың 20-жылдығы «ЭКСПО-2017» ашылуымен тұспа-тұс келеді. Бізде мұндай нысан салынған емес, іс жүзінде бұл Астананың жаңа орталығы болады»,- деді Елабсы көрме кешенінің капсуласын салу рәсімінде.

Оның айтуынша, жаңа орталықта жаңа бірегей инновациялық нысандар орналасады, олардың басым бөлігі жасыл энергиямен, яғни, желдің күшімен, күннің көзінің және т.б қамтамасыз етіледі. Орталық Астана ғалымдары мен жастары үшін үлкен лабораториялық зерттеулер жүргізу орнына айналмақ, Назарбаев университеті мен оның студенттерінің базасы болады. Бұдан басқа, тұрғын үйлер, қонақ үйлер, конгресс холл, жабық қала салынады. Бас павильонның өзі диаметрі 80 метрлік шар пішінінде болады, жалпы биіктігі 100 метрге жуық, ал айналасында халықаралық павильондар орналасады.

«Құрылысшылар көп тартылады. Шағын және орта бизнес үшін жұмыс орындары ашылады. Негізінен қазақстандық мердігерлер жұмыс істейді, біздің адамдар болсын дедік. Бұл үшін оларға өз деңгейлерін арттырып, жоғары сапа мен асқан біліктілік таныту керек. Бүгін бұл жұмысты қолға алдық, бәріңді де құттықтаймын. Осы үлкен міндетті абыроймен атқаратынымызға сенімдімін. Әлем алдында мүлдем жаңа қалыпта көрініп, Астананы, Қазақстанды танытамыз»,- деді Президент.

«Көрмеден басқа көпұлтты еліміздің мәдениетін, тарихымызды, өнерімізді паш етуіміз керек. Осының барлығы қыруар жұмысты қажет етеді, үкіметте, қала әкімдігінде, барлық министрліктерде. Оларға сәттілік тілеймін, алға қойған міндетті абыроймен атқарып шығайық. Ол ерекше, маңызды, бірақ бұл қолымыздан келеді»,- деп қорытты Президент. 

Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев капсула салып, «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің құрылысын бастады. Жалпы, 174 гектар жерде ауданы бір миллион шаршы метрден астам нысандар салынады. Бүгінде компания басшылығы Елбасына «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің құрылысының жұмыс кестесін ұсынды.

Негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары 2014 жылғы мамыр айынан 2016 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңде жүргізілмек. Көрме кешенінің шеберлік жоспары «Альберт Шпир» неміс компаниясымен бірлесе әзірленіп, ел Президентімен мақұлданды.

Кешеннің көрме аймағында Қазақстанның Ұлттық Павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда, ойын-сауық және қызмет көрсету нысандары орналасады. Көрмеден тыс аймақта мәжіліс орталықтары, баспасөз орталықтары, жабық қала, тұрғын үйлер мен қонақ үйлер болады. Кешен нысандарында ақпараттық және коммуникациялық желілер мен технологияларды пайдаланатын электр қуатымен қамтудың модернизацияланған жүйесін енгізу көзделген. Бұл тиімділікті, сенімділікті, экономикалық пайданы, сонымен қатар, өндірістің және балама энергия көздерінен де, қалалық электр желілерінен де электр энергиясын таратудың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Халықаралық көрмелер туралы конвенцияға сәйкес «ЭКСПО-2017» көрмесі Астанада 3 айға жалғасады - 2017 жылғы 10 маусымнан - 10 қыркүйекке дейін. Іс-шараға әлемнің 100-ден астам мемлекеті қатысады, 5 млн-ға жуық адам келіп-кетеді деп күтілуде.

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ермегияев пен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының қызметкерлері қатысты. 

 




Яндекс.Метрика