Халықаралық интеграция

Каспий теңізі жағалауы елдерінің Сыртқы істер министрлері саммитке дайындық мәселесін талқылады

Мәскеуде Каспий теңізі елдері Сыртқы істер министрлерінің Конференциясы өтіп, оның барысында тараптар ағымдағы жылдың қыркүйегінде Астраханьда өтетін Төртінші каспийлік саммитке дайындықтар бойынша жұмыстардың алдын-ала қорытындыларын жасады.
Әлемде23 Сәуір , 09:45

 Іс-шараның ашылу кезіндегі сөзінде Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Каспий теңізін жауапкершілікпен қолдану мәселесіне қатысты кешенді сұрақтар бойынша өзара тиімді шешімдерді одан әрі іздеудің маңыздылығын атап өтті, деп Сыртқы істер министрлігінде хабарлады.

 Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Каспий ұзақ жылдар бойы оның жағалауын мекен еткен халықтарды бірлестірген, достық пен тұрақтылық теңізі болып отыр. Каспий теңізі статусын реттеу және халықаралық саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың құқықтық режимін құру ҚР үшін саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, каспийлік өңірді дамыту, оның табиғи байлықтарын сақтау мен көбейту және бірегей географиялық орналасуын қолдану тұрғысынан стратегиялық маңызды сұрақ болған және болып қала бермек», - деді Е. Ыдырысов.

 Ерлан Ыдырысыов атап өткендей,  «Тек үйлестірілген күш-жігер теңіз жағалауындағы мемлекеттердің ресурстарын әлемдік экономикаға сәтті түрде ықпалдастыруға мүмкіндік береді, ал біздің жоспарлап отырған және жүзеге асып жатқан жаңа инфрақұрылымдық жобаларымыз біздің елдеріміздің қазіргі мүмкіндіктері мен жалпы каспийлік аймақтың дамуына жағдай жасайды».

Шара аясында алдағы уақытта өтетін жоғары деңгейдегі кездесуде қарастырылатын саяси құжаттардың жобалары қарастырылды, сонымен қатар Каспий теңізіндегі биоресурстарды сақтау мен төтенше жағдайларды алдын-алу салаларындағы салалық келісімдер жобасы бойынша жұмыстардың нәтижелері талқыға салынды.




Яндекс.Метрика