Халықаралық интеграция

Қазақстан және Оңтүстік Корея екіжақты стратегиялық әріптестікті нығайтуда

Сеулде «Орта Азия - Корея Республикасы» форумы шеңберінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Корея Республикасы Сыртқы саяси ведомствосының бірінші орынбасары Чо Тэ Ёнгпен кездесті.
Әлемде23 Сәуір , 09:00

Кездесу барысында әріптестер екіжақты және көпжақты форматта қазақстандық-кореялық қатынастардың қазіргі ахуалы мен өзара ықпалдастықтың болашағын, соның ішінде Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің алдағы Қазақстанға сапарының дайындығы мәселелерін талқылады, деп СІМ-де хабарлады.

Сондай-ақ, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу орын алды. Әріптестер ядролық терроризм және ядролық қарусыздану мәселелері мен таратпау режимі тақырыбын қозғады. Е.Ашықбаев Оңтүстік Кореяның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан кандидатурасын қолдау туралы ниетіне алғыс айта отырып, Қазақстан Республикасы орман секторында Азиалық әріптестік ұйымын құру бойынша Оңтүстік Корея бастамасын қолдайтынын білдіріп, өзінің кореялық әріптесін Астанада өтетін ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды.

Сонымен қатар, қазақстандық-кореялық сауда-экономикалық және инвестициялық-технологиялық әріптестігі мәселелері талқыланды. Бүгінгі күні екі ел арасындағы тауар айналымы миллиард доллардан асып түседі. Өз кезегінде Чо Тэ Ёнг те «Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі бағыттарымен таныстырылды.

«Орта Азия - Корея Республикасы» форумы 2007 жылы Оңтүстік Кореяның бастамасымен ашылды. Аталған өңірлік алаң ортаазия елдері мен Оңтүстік Корея өзара іс-қимылдарының, соның ішінде Форумға қатысушы елдердің бірлескен жобаларын іске асырудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған.




Яндекс.Метрика