Шолу

МЖӘ: 787 млрд теңгенің 223 келісімі орнатылды

2018 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 229 нысан бойынша 223 МЖӘ келісімі орнатылды. Инвестицияның жалпы сомасы 787 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов «Атамекен» ҰКП-нің МЖӘ жобаларын жүзеге асыру бойынша бақылау кеңесінің екінші отырысында мәлімдеді.
Астана қаласы13 Маусым , 18:16

Руслан Дәленов  айтып өткендей,  мемлекеттік және жеке меншік әріптестік туралы заң жобасы жылдың соңында қабылданды. Енді ол бойынша МЖӘ тұжырымдамасын әзірлеп, оны дәйектеудің қажеті жоқ. Кейбір терминдер өзгерді. Көптеген мемлекеттік органдар тұжырымдамаға дәйектеме алып үлгерді. Ал, қазір тұжырымдама жоқ,  бизнес-жоспар бар.

«2018 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 229  нысан бойынша   223 МЖӘ келісімі  орнатылды.  Инвестицияның жалпы сомасы 787 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, мемлекеттік мүлікті  сенімді басқару да МЖӘ келісімшартының құрамына енеді. Демек, оны да МЖӘ ретінде статистикаға енгізген абзал. 2017-2019 жылдарға арналған лимит бекітілді. Ол ашық қолданыста,  министрліктің және Электрондық үкімет  сайтынан оқуға болады», - деді Р.Дәленов.

Сондай-ақ, вице-министр айтып өткендей, 2017 жылдан бастап мақсатты трансферт берілмейді. Білім беру және мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты қаржыландыру ортақ  пулмен  беріледі, сол арқылы жергілікті органдар өздері реттейді.

Келісім  бойынша мектепке дейінгі мекемелерге қатысты  кепілдендірілген  көлемге Білім беру бөлімі жауап беруі керек. Алайда, талаптар өзгерді, автоматтандырылған жүйе бойынша ата-аналар ұнаған мектепке дейінгі мекемені өздері таңдай алады. Бұл мәселеге қатысты Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова елдің жеке меншік мектепке дейінгі мекемелердің өкілдерімен әңгімелескенін жеткізді.

«Бұл мәселені келісім  және нормативтік акт бойынша да реттей аламыз. Бізге бұл мәселені өңірлермен шешіп алу үшін  1-2 күн керек. Кейін тағы жиналамыз», - деді Б.Асылова.

«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Елена Якубаева Ұлттық экономика министрлігі  және  өзге меморгандармен белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл іске кеңестің алаңы зор ықпалын тигізіп отыр.

«Біз жүргізіп отырған реестр Вице-Премьер Ерболат Досаевтың бақылауында. Жүзеге асырылып жатқан шаралар баяндалып отырады. Бизнес саласы жедел жүзеге асырылады. Қағазбастылық жоқ деуге болады. Статистиканы  МЖӘ  орталығы ЖАО баяндамасына сүйеніп жасайды. Ақпарат толық емес, ол жерде МЖӘ бойынша келісімдердің түрлері жіктелмеген», - деді ол.

Ол  МЖӘ статистикасы мемлекеттік  тапсырыс негізінде дайындалатынын айтты.  

«Бұл дұрыс па, бұрыс па біз білмейміз. Бізге бастысы толық көрініске ие болу. Сондықтан да біз МЖӘ жобаларына статистика енгізу үшін талаптарды анықтауды ұсынамыз.  Сараптама жасау үшін ашық статистиканы көруіміз керек. Сондай-ақ, МЖӘ орталықтарындағы статистика мұрағатын көтеру керек. ЖАО-лар да қалыпты түрде барлық есепті орталыққа жіберіп тұрулары тиіс», - деді Е.Якубаева.

Отырысқа  барлық өңірлерден  МЖӘ өкілдері мен жергілікті орган өкілдері маңызды мәселелерге қатысты пікір білдіріп, сұрақтарын қойды. Аталмыш кеңестің отырысы МЖӘ саласындағы түйіткілді мәселелерді шешу үшін дәстүрлі түрде жалғасын табады.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика