Өңірлер

Қызылорда облысының әлеуеті Елбасы қойған тапсырмаларды шешуге мүмкіндік береді - ҚР Премьер-Министрі

Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Қызылорда27 Наурыз , 17:30

ҚР Үкіметінің ресми порталы хабарлағандай, ағымдағы даму туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев баяндады.

 «Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында өңдеу өнеркәсібінің өсімі 20-дан астам пайызды құрады. Индустрияландыру картасы шеңберінде облыста 152 млрд. теңгенің 24 жобасы жүзеге асырылып жатса, оның 13-і бүгінгі күнге жоспарлы қуатына шықты»,-деп хабарлады Қ.Көшербаев.

Сондай-ақ кеңесте Министрліктер мен ведомстволар, Ұлттық компаниялар басшылары сөйледі.

Кеңесті қортындылай келе, Серік Ахметов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында Үкімет пен облыстар әкімдері алдына шешімі еліміздің және аймақтардың ырғақты дамуына ықпал ететін нақты тапсырмалар қойғанын атап көрсетті.

«Президент 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді бағдарлармен қатар дамудың барлық басым бағыттары бойынша нақты қадамдарды анықтап берді. Айрықша назар индустрияландыруды күшейтуге, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін инновациялық жолға қоюға, шағын және орта бизнесті дамытуға аударылады. Біз бүгін облыстың Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындауға мүмкіндіктері мен қорының жеткілікті екеніне тағы бір көз жеткіздік»,-деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрі.

Кеңес соңында Қызылорда облысы әкімдігі мен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою ресімі өтті. Құжатқа облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен компанияның басқарма төрағасы Талғат Ермегияев қол қойды. 

Меморандум бірқатар бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруды, инфрақұрылымдарды жаңғырту мәселелеріндегі өзара іс-қимылды, туризмді дамытуды, көлік логистикасын және басқа да көптеген шаралар ұйымдастыруды қарастырады.

 

 

 

 

 




Яндекс.Метрика