Өңірлер

ҚР Президентінің қолдауының арқасында Алматы жаңа даму қарқынына ие болды – А.Есімов

ҚР Президентінің қолдауының арқасында Алматы экономика мен әлеуметтік саланың барлық секторында жаңа даму қарқынын алды. Бұл туралы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен мегаполистің даму кеңесі барысында қала басшысы Ахметжан Есімов мәлімдеді.
Алматы қаласы27 Наурыз , 16:15

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиын барысында 2013 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы жылдың жоспарлары талқыланды.

Өз баяндамасында Алматы әкімі Ахметжан Есімов барлық көрсеткіштер бойынша алға ілгерілеушіліктің бар екенін, соның ішінде өнеркәсіп, транспорт, сауда мен қызмет көрсету саласының тасы өрге домалап тұрғанын айтты.

«Соңғы 5 жылда жалпы өңірлік өнім 2 есеге артып, 6,4 трлн теңгені құрады. Бұл халықтың басына шаққанда шамамен 27 мың долларды құрайды. Ал салықтық түсім 1 трлн 360 млрд теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 13% көтерілген», - дейді әкім.

А.Есімовтың айтуынша, қала дамуының 3 басым бағыты анықталды – Инновациялық технологиялар паркіндегі еркін экономикалық аймақ, Алатау ауданындағы индустриялды аймақ пен туризмнің дамуы.

Әкім қаланың атмосферасының кірленуін азайту мен экологиялық қауіпсіздікті арттыру туралы тапсырманың ерекше бақылауда екенін жеткізді.

«Метрополитеннің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Биыл тағы екі станция іске қосылады. 2013 жылы 6 жолайрық пайдалануға берілді. Биыл олардың саны тағы 3-ке артпақ. Сонымен қатар, тағы 4 жолайрықтың жобалау-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары аяқталады. 2017 жылғы Универсиадаға да қызу дайындық жүргізілуде. Үстіміздегі жылы 12 мың орындық мұз сарайының, 3 мың орындық мұз айдыны мен атлеттік ауылдың құрылысы басталады. Басты міндетіміз – аталмыш жұмыстардың барлығының 2016 жылдың тамыз айына дейін аяқтау. Сіздің тапсырмаңызға сай, 2022 жылы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге өтініш бердік. Елдегі тұрақтылық пен экономикалық дамудыың арқасында аталмыш шараларды өткізуге мүмкіндігіміз бар», - дейді әкім.

Сөз соңында әкім Мемлекет басшысының қолдауының арқасында әлеуметтік және экономикалық салалардың барлық көрсеткіштері бойынша алға ілгерілеушіліктің бар екенін айтты.




Яндекс.Метрика