Өңірлер

ҚР Президенті Алматы қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізді

Алматыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Алматы қаласын дамыту жөнінде кеңес өтті.
Алматы қаласы27 Наурыз , 16:05

Кеңес барысында қаланың 2013 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарлар қаралды, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев мегаполисті дамыту мәселелері мемлекеттің әрдайым басты назарында болатынын атап өтті.

«Алматы – еліміздегі ірі мегаполис. Оның дамуы Астанамен бірдей деңгейде болуға тиіс. Нақ осындай мегаполис қана ғылым, инновация және білімді дамытудың орталығы болып саналады. Алматы экономика, шағын және орта бизнес, қала құрылысы салаларында көшбасшылық рөлін сақтап келеді. Тұрғындарының саны бір жарым миллиондық межеге таяған қалада біз экологиялық тазалық жайын ойлауымыз керек. Автомобильдер саны артуда, бұл көлік қозғалысын ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін қажет етеді. Соңғы жылдары айналмалы көлік жолдары көптеп салынуда, соның арқасында көлік қозғалысының жай-күйі айтарлықтай жақсарды. Сондай-ақ, қаланы дамытудың өзекті мәселелері білім мен ғылым салаларын, жаңа туристік және мәдени нысандарды құру ісін қамтиды. Біздің жұмысымыздың басты бағыты – халықтың әл-ауқатын жақсарту», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті көлік қозғалысын басқару, сондай-ақ сәулеткерлік талаптарды сақтау жөнінде әлемдік үздік тәжірибені қолдану қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, қаланың сейсмикалық ерекшелігін ескеріп, эстетикалық тартымдылықты сақтау және архитектуралық есептеулер жүргізу қажеттігі атап өтілді. 

Мемлекет басшысы қаланың криминогендік жағдайына қатысты 53000 қылмыс тіркелгенін, оның 80%-ы ашылғанын, бірақ бұл ретте жасөспірімдер қылмысы көбейгені байқалатынына тоқталды. Осыған байланысты, әкімдіктің өтінішімен ішкі істер департаментінің штаты едәуір кеңейді, алайда 500 орын әлі де бос тұр. Қазақстан Президенті Алматының тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Ол жол-көлік оқиғаларының саны 3 есе артып, 7000-ға жеткеніне назар аударды.

«Осы орайда, жол-көлік оқиғаларына танымал адамдардың балалары мен туыстарының жиі қатысы болатыны туралы деректердің де аз емес екенін ерекше атап өткім келеді. Заң алдында барлығы бірдей, сондықтан мұндай жағдайларда балаларды да, ата-аналарын да барынша қатаң жазалау керек», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Алматы бүкіл елімізде жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асыруға қомақты үлес қосуға тиіс екенін атап көрсетті.

«Қалада индустриялық-инновациялық даму, жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, денсаулық сақтау және білім беру салаларында барлық негізгі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Алматы осы бағыттардың бәрінде басты рөл атқаруға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қалада көп ұлт өкілдері тұратынына орай Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысына назар аударудың маңыздылығын айтты.

«Біздің барлық бағдарламаларымызда Алматының орны ерекше. Бұл қала – Тәуелсіздігіміздің бесігі. Алматыға Астана сияқты бәсекелестің пайда болуын жағымды фактор деп санаймын. Қала мемлекеттің бюджетіне зор үлесін қосып келеді және қазіргі кезде мемлекет те түрлі нысандардың құрылысы мен инфрақұрылымдар үшін мол қаражат инвестициялауда. Қосқан үлес осылай қайтарылады және ол жыл сайын артып отыруға тиіс. Қала зор перспектива мен әлеуетке ие, оны іске асыру қажет. Негізгі мегаполис бола отырып, оның алдағы уақытта да дами беретініне сенімдімін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

 

 

 




Яндекс.Метрика