Халықаралық интеграция

«Қазақстан - 2050» Стратегиясы әлемнің 20 тіліне аударылды

Бүгін «Қазконтент» АҚ Strategy2050.kz ақпараттық порталында ҚР Президентінің 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы:Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының әлемнің 20 тіліне аударылған нұсқасы таныстырылды.
Астана қаласы 27 Наурыз, 18:05

Жоба ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылды.  Бұдан былай «Қазақстан - 2050» Стратегиясының мәтінімен  Ұлыбритания, Болгария, Испания, Италия, Германия, Румыния, Түркия, Франция, Хорватия, Қырғызстан, Украина, Өзбекстан, Тәджікстан, Түркіменстан, Қытай, Корея, Жапония,  Иран мен Сауд Арабия елдерінің азаматтары туған тілінде  таныса алады.

««Қазақстан - 2050» Стратегиясын шет мемлекеттердің тілдеріне аударуда біз алдымен көршілерімізді яғни, Ресей, Қытай, Өзбекстан сынды мемлекеттерді басты назарға алдық. Содан соң осы уақытқа дейін стратегиялық байланыс орнатылған мемлекеттерді аталмыш тізімге енгіздік.  Мәселен, бір араб тіліне аудару арқылы біз бірден араб тілді екі мемлекетті қамтыдық. Жалпы, ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын 20 тілге аударып, әлемнің назарына ұсындық», - деді ҚР СІМ баспасөз хатшысы Нұржан  Айтмаханов.

Сонымен қатар, ҚР СІМ баспасөз хатшысы Нұржан  Айтмаханов «Қазақстан-2050» Стратегиясы шет елдің 20 тіліне аударудың негізгі мақсатында тілге тиек етті.

«Атамлыш стратегиялық маңызды құжатты бірден әлемнің 20 тіліне аударудың түпкі мақсаты дүниежүзін  Қазақстанның даму жолымен таныстыру. Еліміздің экономикалық, инвестициялық, бизнес мүмкіншілігі мен осы салалар бойынша алға қойған мақсаттарын таныстыру болып табылады. Мәселен, Елбасы Қазақстанда атом электрстанциясын  салуды тапсырды.  Аталмыш күрмеуі қиын сала бойынша әлемде Жапония көш бастап келеді. Демек жапондықтар аталмыш құжаттың туған тіліндегі нұсқасы арқылы Қазақ елінің мүмкіндігі мен шетелдік инвесторларға жасап отырған қолайлы жағдаймен танысып, өз ұсыныстарын бере алады», - деді сөз соңында  ҚР СІМ баспасөз хатшысы Нұржан  Айтмаханов.

Айта кетерлік жайт, ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы Strategy2050.kz порталына орналастырылған және ол барлық мобильді құралдарда ашылады . 





Яндекс.Метрика