Білім беру

«Қазақстан-2050» жалпыхалықтық қозғалысы сыни ойлауды дамыту жобасын таныстырды

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың қатысуымен өткен «Қазақстанның құрылуындағы сыни ойлау» бейресми конференциясында «Қазақстан-2050» жалпыхалықтық қозғалысы сыни ойлауды дамыту жобасын таныстырды.
Астана қаласы27 Наурыз , 15:35

«Сыни ойлау 21 ғасырдағы басты қабілет. Осы тұрғыда біз азаматтарды осыған баулығымыз келеді. Сыни ойлаудың артықшылығы мен пайдасын көптеп насихаттаған жөн. Және де оны балалар мен жастардан бастау керек. Біздің қозғалыстың белсенділері жазып жатқан оқулық бұған көп көмегін әкелетініне сенімдімін», - дейді «Қазақстан-2050» жалпыхалықтық қозғалысының жетекшісі Данат Жұмин.

Сонымен қатар, «Қазақстан-2050» қозғалысы сыни ойлау бойынша өзінің төл жобасын да таныстырды. Қозғалыс белсендісі Ғабит Бекахметовпен Айгерім Қоржымбаева осы жылдың соңына қарай аяқтауды жоспарлап отырған сыни ойлау туралы кітаптың қысқаша мазмұнымен таныстырды.

Оқулықты дайындаушылардың айтуынша, ол ең үздік әлемдік тәжірибені қамтиды және қазақстандық тәжірибені ескере отырып құрастырылған.

Бұдан бөлек оқулық жарыққа шыққаннан кейін «Қазақстан-2050» қозғалысы оны елдің мектептеріне тегін таратып, педагогикалық ЖОО студенттеріне тренинг өткізбек.

Шараға қатысушылар тиісті тестті тапсыра отырып өздерінің сыни ойлау тұрғысынан өз дәрежелерін тексеріп көруге мүмкіндік алды.

Жалпы, конференцияға қатысушылар елдің азаматтарына сыни ойлау жүйесін қалай тарату керектігін іздестіріп, отандық оқыту жүйесінің осы тұрғыдағы мүмкіндіктерін қарастырды.

Айта кету керек, биылғы жылдың 17 қаңтарында Қазақстан халқына деген Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оқушыларды оқытудың нәтижесі сыни ойлау, өз бетінше іздену мен ақпаратты терең талдауға бейімделу болуы керектігін айтқан еді.




Яндекс.Метрика