Халықаралық интеграция

Вашингтонда мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі талқыланды

Вашингтон қаласында (АҚШ) Америка мемлекеттік басқару қоғамының (ASPA) 75 жылдығына орай мерекелік конференциясы шеңберінде «Мемлекеттік қызметті жетілдіру стратегиялары: Қазақстан мысалдары» арнайы сессиясы болып өтті.
Әлемде27 Наурыз , 15:15

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы А. Байменов конференция қатысушыларын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесінің эволюциясымен, сондай-ақ реформалардың жаңа кезеңінің басымдықтарымен таныстырды, деп ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңындағы түбегейлі жаңалықтарға, кадрларды іріктеу және ілгерілету кезінде меритократия қағидаттарын сақтауға, этикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейтуге, персоналды басқарудың инновациялық тетіктеріне, «А» басқарушылық корпусының құрылуына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылауға, мемлекеттік қызметшілерді оқытуға және т.б. жан-жақты тоқталды.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ҒЗИ директоры Е.Жаркешов Қазақстандағы мемлекеттік қызмет саласындағы оқыту жүйесі мен ғылыми зерттеулер туралы баяндама жасады.

Талқылауға ASPA президенті және АҚШ-тың Еңбекақы жөніндегі Федералдық кеңесінің басшысы Стив Кондри, Басқарушылық буынның біліктілігін арттыру Федералдық институтының бұрынғы директоры және ASPA конференциясының құрметті тең төрағасы Честер Ньюланд, БҰҰ-ның Қазақстандағы резидент-координаторы Стивен Тулл және т.б. қатысты.

Талқылауға қатысушылар Қазақстандағы мемлекеттік қызмет саласында жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді және саяси қызметшілердің сегіз есеге қысқартылып, «А» корпусының құрылуын ҚР Президенті Н. Назарбаевтың мемлекеттік қызметті кәсібилендіруге бағытталған ерік-жігерінің жарқын көрінісі ретінде атап айтты.

Конференцияның қатысушылары Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб бастамасының маңыздылығын атап өтті.

Талқылау қорытындысында А. Байменов панельдік сессия қатысушыларының қызығушылық танытқан сұрақтарына жауап берді.

 

 




Яндекс.Метрика