Парламент

7-20-25: Ипотеканың бастапқы жарнасы субсидияланады

Сенат спикері Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысында үш заң мақұлданды. Сонымен қатар, 7-20-25 бағдарламасының тиімділігін арттыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қарастыру мақсатында тиісті заңға өзгеріс енгізілді.
Нұр-Сұлтан28 Наурыз , 17:24

Отырыс бұрынғы ҚР Бас прокуроры, қазіргі Парламент Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаровтың ант беру салтанатынан басталды. Сенатор Қ.Қожамжаров Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамына кірді.

Сонымен қатар, Дархан Сатыбалдының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елші болып тағайындалуына байланысты Сенат депутаты ретіндегі өкілеттілігі тоқтатылды.

Ізінше «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заң талқыға түсті. Бұл құжатпен арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, жұмыс істеуі және оларды тарату тәртібі реттелді. Үкіметтің, уәкілетті органның, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың құзыреті белгіленді. Заңнамалық тұрғыдан индустриялық аймақтардың түрлері, сондай-ақ, арнайы экономикалық және индустриялық аймақ қатысушыларының құқықтары мен міндеттері бекітілді.

Заң арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының функцияларын, мәртебесін, оларды қаржыландыру және тарату тәртібін айқындайды. Сонымен қатар, бірыңғай үйлестіру орталығын құру көзделген. Оның міндеттері - арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтарды дамыту, ілгерлету және олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру. Заңмен арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық тәртібі, салық салуды, кедендік реттеуді, мемлекет пен жеке бизнес әріптестігіне қатысушыларды құқықтық қорғаудың кепілдігі реттеледі. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмыс істеу шарттары көрсетіледі.

Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестицияларды тарту, экспортты дамыту және ілгерілету, сондай-ақ, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қабылдады. Бұл заңмен Жер, Бюджет, Кәсіпкерлік, Кеден және Салық кодекстері мен өзге де 23 заңға түзетулер енгізіледі.

Заң арнайы экономикалық аймақтар қызметінде жаңа тәсілдерді іске асыруға және индустриялық аймақтардың жұмыс істеуін реттеуге бағытталған.

Басқарушы компаниялардан арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларына жер учаскелерін берудің жаңа тетігі енгізіледі. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызмет көрсетуі үшін басқарушы компанияларға жер салығының, мүлік салығының және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының сомаларын айқындау кезінде есептелген салық пен төлемақы сомалары 100 пайызға азайтылады. «Инновациялық технологиялар паркі», «Астана – жаңа қала», «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» арнайы экономикалық аймақтарының жұмысын реттейтін ережелер де өзгереді.

Осы заңның аясында аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылып отыр. Атаулы көмек көрсету шамасын ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін ұлғаяды. Аз қамтылған отбасылардағы әрбір балаға арналған ең төмен төлем 20 789 теңге сомасында белгіленеді. Сондай-ақ, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының және бала кезінен бірінші топтағы мүгедекті күтіп бағушы адамдарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерін 30 пайызға ұлғайту арқылы аз қамтылған азаматтар мен көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді. Заң атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мен төлемінің дұрыстығын бақылау шараларын күшейтуді көздейді.  

Сонымен қатар, заң аясында білікті педагогтар, дәрігерлер, полицейлер және басқа да мамандар үшін «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген ипотека бойынша бастапқы жарналарды жергілікті бюджеттен ішінара субсидиялау тетігі енгізіледі.

Палата Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялады. 2017 жылғы 15 маусымда Ханой қаласында қол қойылған шарттың негізгі мақсаты қылмыспен тиімді күресу үшін өзара ынтымақтастықты нығайту болып табылады. Шартта көмек көрсету тәртібі және көмек көрсетуден бас тарту немесе оны кейінге қалдырудың тәртібі мен шарттары белгіленген. Атап айтқанда, құқықтық көмек көрсетудің мынандай түрлері: құжаттарды табыс ету; куәні, сарапшыны шақыру; дәлелдемелер мен айғақтар алу және беру, оның ішінде бейнеконференция немесе телевизия байланысы арқылы дәлелдемелер алу және айғақтар беру; тергеп-тексеруге немесе айғақтар беруге көмек көрсету үшін адамдарды сұрау салушы тарапқа уақытша беру; қылмыстың кірістерін және/немесе құралдарын анықтау, бұғаттау, тыйым салу немесе тәркілеу жөнінде шаралар қабылдау; ақпарат алмасу, осы Шарттың мақсаттарына сәйкес келетін көмектің кез келген өзге де нысандары көзделеді.

Отырыс барысында бірқатар депутаттық сауалдар жария етілді. 26 наурызда 2 адам қаза тауып, 23 жолаушы ауруханаға түскен және 17 адам түрлі жарақат алған астанадағы ірі жол-көлік оқиғасы сенатор Георгий Кимнің сауалына себеп болды. Парламентші осы қайғылы оқиғада қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты. Жолаушылар тасымалы көптеген адамдарға қатысты болатынын және қауіпсіздікті талап ететінін ескере отырып, Г. Ким Үкіметті техникалық және медициналық тексеруді жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің қызметіне бақылауды және жауапкершілікті күшейтуге шақырды.

Сондай-ақ, сенаторлар Төлеубек Мұқашевтың «Қаламқас» кенішіндегі өртті сөндіру; Рысқали Әбдікеровтің жұмысшыларға еңбекақысын төлемегені үшін жауаптылық туралы, Сәуле Айтпаеваның қоршаған ортаны және балалардың денсаулығын қорғау, Әлімжан Құртаевтың киіктерді сақтау туралы депутаттық сауалдары жария етілді.

Отырысты қорытындылай келіп, Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева депутаттар көтерген экологиялық мәселелердің ерекше маңызына Үкіметтің назарын аударды. Д. Назарбаева таяуда Жайық өзенінде балықтың жаппай қырылғанын еске салды. Сенат Төрағасы атап өткендей, балықтың қырылу себебі мен осы төтенше жағдайдың зардаптарын жою жөніндегі жүргізілген жұмыстар туралы жұртшылық хабардар болуы керек.

Д. Назарбаева сондай-ақ, Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» кенішінде болған оқиғаға да тоқталды. Оның айтуынша, ұңғыдағы өрттің қоршаған орта мен халыққа елеулі зияны болмағаны туралы ресми органдардың мәлімдемелеріне қарамастан болған жағдай жан-жақты баға беруді талап етеді. Төрағаның айтуынша, бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауына алынды. Одан басқа, Д.Назарбаева киіктерді сақтау мәселелері ерекше сипат алып отырғанын атап өтті.

Сенат Төрағасы қоршаған ортаны қорғау мәселелерін депутаттар тарапынан бірнеше мәрте, оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен парламенттік тыңдауда да көтерілгенін еске салды. Д. Назарбаеваның пікірінше, осынау өзекті мәселені сенаторлар қайтадан қарауы тиіс.

Оқи аласыздар: 

Қ.Қожамжаров қызметінен босатылды

Дариға Назарбаева Сенат спикері болып сайланды

Қазақстан мен Вьетнам қарым-қатынасы Сенатта талқыланды

Депутаттар Хромтау, Алға және Мартөк аудандарында болды

7-20-25 пен Нұрлы Жер арқылы көпбалалы отбасыларға үй беріледі

Баспана Хит: ақиқат пен аңыз

"7-20-25" бағдарламасы бойынша баспана алудың 5 қадамы

«7-20-25» бағдарламасы: «Нұрлы жер» арқылы қолжетімді баспананы қалай сатып алуға болады?

Қазақстандықтардың әл-ауқаты

 




Яндекс.Метрика