Халықаралық интеграция

Пекинде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің консультациялары өтті

Пекинде Шаңхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің СІМ-аралық консультациялары өтті.
Әлемде27 Наурыз , 09:20

Қазақстандық делегацияны ШЫҰ Хатшылығы жанындағы ҚР тұрақты өкілі Бағдат Сейітбатталов басқарды, деп Сыртқы істер министрлігінде хабарлады.

Консультацияларда өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ынтымақтастығының мәселелері, соның ішінде 2014 жылы Ауғанстанның президенттік сайлауына және осы елден Халықаралық қауіпсіздік әрекет күштерін шығаруға байланысты, сондай-ақ сол мемлекетпен екіжақты және көпжақты форматтардағы өзара іс-әрекет және басқа да бірқатар мәселелер талқыланды.

Қазақстандық тарап ү.ж. 11-12 наурызда Астана қаласында өткен «1540 Резолюциясының 10-жылдық мерейтойына – Өңірлік және жаһандық қарусыздану мен таратпауға 1540 Резолюциясының (2004) үлесі» тақырыбындағы семинар нәтижелері туралы ақпарат ұсынды.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация басшысы Ядросыз әлемнің жалпылама декларациясын дайындау бойынша және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен ұсынылған және БҰҰ Бас Ассамблеясының 2009 жылғы 2 желтоқсандағы резолюциясына сәйкес қабылданған Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін (29 тамыз) тойлау бойынша ұлттық күш туралы хабарлады.

Аталған Қазақстан бастамасын консультацияларға қатысқан ШЫҰ-ға мүше басқа мемлекеттер өкілдері оң баға берді. Атап айтқанда, ШЫҰ Хатшылығы жанындағы ҚХР тұрақты өкілі Ван Чжэнь «қытай тарапы Қазақстанның осы бағытта жасаған жұмыстарын жоғары бағалайтынын» атап өтті, ал ресей делегациясының мүшесі, РФ СІМ Қауіпсіздік және қарусыздану мәселелері департаментінің бас кеңесшісі Г.Лутай «ресей тарапы Қазақстан Президентінің бастамасын құрметтейді және қазақстандық тараптың қарусыздану және таратпау мәселелеріне қатысты іс-қимылдарын өте жоғары бағалайтынын» атап өтті.

 




Яндекс.Метрика