Халықаралық интеграция

Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президентімен кездесті

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті.
Алматы қаласы 26 Наурыз, 20:30

Ақордада хабарлағандай, Алматыдағы кездесуде мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықпен қатар екіжақты қарым-қатынастарды нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ бірлескен қазақ-қырғыз инвестициялық қоры жұмысының бағыттары да қаралды.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев пен Алмазбек Атамбаев Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық бірлестіктер аясындағы өзара ықпалдастықтың негізгі жолдарын талқылады.

Қазақстан Президенті мұндай келіссөздердің алдағы уақытта екі елдің экономикалық дамуына ықпал ететін маңыздылығын атап өтті.

«Екіжақты тауар айналымы 2011 жылмен салыстырғанда 41%-ға өсіп, 1 миллиард доллардан асты. Қазақстан тәуелсіздік жылдары Қырғыз экономикасына 1 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Алда әлі де көп жұмыс бар. Біз мемлекетаралық комиссияны және Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысын өткізуіміз керек. Осыған байланысты ынтымақтастығымыздың барлық бағытын талқылауға дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.

Қырғыз Республикасының Президенті кездесу үшін алғысын білдіре келе, Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде де, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер тұрғысынан да Орталық Азиядағы жетекші ел екенін атап көрсетті.

« Кездесулеріміз кезінде мен әрдайым өзім үшін пайдалыны ойға түйемін және Сізден әрқашан көп нәрсені үйренуге болатынын айтқым келеді», – деді А.Атамбаев.          

Тараптар өңірдегі қауіпсіздіктің жай-күйі мен халықаралық күн тәртібінің өзекті жайттары жөнінде де пікір алмасты.    





Яндекс.Метрика