Халықаралық интеграция

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Гаагадағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің пленарлық отырысына қатысты

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Гаагадағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің пленарлық отырысына қатысты.
Әлемде 24 Наурыз, 22:10

Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлағандай, өз сөзінде Қазақстан Президенті АҚШ Президенті Барак Обаманың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитті өткізу бастамасының ғаламшарда бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуда тарихи рөл атқарғанын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бұл саммит күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді шешу жолдарын іздестіру алаңына айналғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміздің жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту үшін дәйектілікпен қолдау көрсетуін жалғастыратынын хабарлады, осыған байланысты күш-жігер жұмсау қажет болатын бірқатар бағыттарды атап көрсетті.

Олардың бірі ретінде ядролық қауіпсіздіктің бірден-бір кепілі болып саналатын толық және жалпыға ортақ ядролық қарусыздану аталды. Тағы бір кейінге қалдыруға болмайтын міндет ретінде Қазақстан Президенті ядролық терроризмге қарсы іс-қимылды және оның негізін жоюды атады.

«Сонымен қатар, антитеррористік науқан мемлекеттердің бейбіт ядролық бағдарламаларына, технологиялар мен жабдықтар, білім мен тәжірибе алмасуға деген құқығын шектеуге тиіс емес. Қазақстан АЭС үшін ядролық отынның толық циклді өндірісін дамытуды және атом стансасын салуды жоспарлауда», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қазақстанның МАГАТЭ рөлі мен беделін одан әрі арттыруды қолдайтынын атап көрсетті.

Қазақстан Президенті біздің еліміздің ядролық қарусыз жаңа аймақтарды қалыптастыруды қолдайтынын айтты, сондай-ақ бұл Таяу Шығысқа да қатысты.

«Біз Орталық Азияда мемлекеттердің ядролық қарусыз аймақтар туралы шартқа қатысушы-елдердің қауіпсіздігінің жағымсыз кепілдігін ұсыну туралы «ядролық бестік» хаттамасына тездетіп қол қоятынына үміт артамыз», – деді Мемлекет басшысы.         

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ядролық материалдар қауіпсіздігінің әлемдік индексінде 15 орын алатынын хабарлады.

«Бұған саяси және экономикалық тұрақтылық, тиімді заңнама және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мүмкіндік жасап отыр. Семей ядролық полигоны жабылғаннан кейін және қуаттылығы жөнінен төртінші ядролық арсеналдан бас тартқан соң, Қазақстан АҚШ-пен және Ресеймен бірлесіп полигонның инфрақұрылымын жойды. Бұрынғы ядролық сынақ кешенінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Елдің ядролық қызметі МАГАТЭ-нің толықтай қамтитын кепілдіктері аясында жүргізілуде. Біз МАГАТЭ-нің аз байытылған уранның халықаралық банкін құру жөніндегі бастамасын қолдап отырмыз және оны өз аумағымызда орналастыру жөніндегі келіссөздерді аяқтап қалдық», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінгі іс-шара жаһандық қауіпсіздік дағдарысы жағдайында өтіп жатқанына назар аударды.

«Оның түпкі себебі – «қосарлы стандарттар» және халықаралық құқықтың ішінара қолданылу тәжірибесіне нүкте қояға саяси ерік-жігердің жоқтығы. Алған міндеттемелердің барлық кешенін ядролық державалардың мүлтіксіз орындауы өте маңызды деп санаймыз. Бұдан жиырма жыл бұрын Қазақстан Беларусь және Украина тәрізді жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға қомақты үлесін қосты. Еліміз ядролық қарудың мол қорынан өз еркімен бас тартты және ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды. Сондықтан біздің бәріміз Украинанаға – 5 АЭС жұмыс істейтін, 15 атом реакторы және зымырандық технология саласында әлеуеті бар елге ядролық мәртебені қайтарып беру туралы кейбір саясаткерлердің жауапсыздықпен айтылған мәлімдемелеріне үлкен алаңдаушылықпен қарауға тиіспіз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті G-8 және G-20 аясындағы жұмыстың жаһандық түйткілдерді шешу үшін жеткілікті деңгейде тиімді болып шықпағанын атап өтті.

 «Осы топтардан «тыс» қалғандардың да мүдделері ескерілуі қажет. Сондықтан бұдан екі жыл бұрын мен дағдарыстан шығу жолдарын іздестіру үшін G-Global бастамасын көтердім. Бұл формат зор қолдауға ие болды және бүгінде оған шамамен 190 ел қатысуда. Бұл әділетті, транспарентті, көпполярлы, сындарлы бейбіт құрылымға бастайтын жол, ол адамзаттың ядролық қарумен өзін-өзі жою қауіп-қатеріне жол бермейді. Бұған балама жоқ екеніне сенімдімін. Әлем, 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейінгі тәрізді, ортақ қауіп-қатерлер алдында ұзақмерзімге және жүйелі негізде біріге алады және бірігуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт өмір үшін күш көрсетулер емес, саяси шешімдер күтетін халықаралық қоғамдастық алдында барлығы өз жауапкершіліктерін сезінуге тиістігін және олардың тиімді іске асырылу қажеттігін атап өтті.





Яндекс.Метрика