Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Финляндия Республикасының Президенттерінің кездесуі өтті

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен кездесті.
Әлемде24 Наурыз , 20:25

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары талқыланды, деп Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, технологиялық және инвестициялық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту жолдарын қарастырды.

Қазақстан Президенті С.Ниинистёнің біздің елімізге өткен жылғы мемлекеттік сапарынан кейін екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жандана түскенін атап өтті.

«Қазақстан сіздердің технологияларыңызға, сондай-ақ индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруды ескере келе, білім беру жүйесін дамытудағы тәжірибелеріңізге қызығушылық танытады. Сіздің сапарыңыздың қорытындысында коммерциялық компаниялармен құны 100 миллион долларлық келісімдерге қол қойылды, ал тауар айналымының көлемі 1 миллиард долларға жетті», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесу бүкіл әлемде жаһандық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде зор мәні бар саммит аясында өтіп жатқанына да тоқталды.

«Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан және Семей ядролық полигонын жапқан ел ретінде бұл іс-шараға тікелей қатысы бар. Біз мұндай форумдардың өткізілгеніне қуаныштымыз, өйткені олар тұрақсыздық және деструктивтік күштердің ядролық қаруды иелену қатері артып отырған жағдайда ерекше қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Финляндия Президенті Астанаға былтырғы сапары кезінде алған өзінің үлкен әсері жөнінде ой бөлісті.

«Менің сапарымның нәтижелері көп үміт күтерліктей болды. Екіжақты сауда көрсеткіштері өсті. Финляндия іскер топтарының Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамыту үшін өзара ықпалдастыққа мүдделілігі арта түскенін атап өтпекпін», – деді С.Ниинистё.




Яндекс.Метрика