Халықаралық интеграция

Гаагадағы саммит қауіпсіздіктің барлық мәселесін сақтайтын халықаралық жүйе құрады – З.Төлебаева

Алдағы Гаагада өтетін ядролық қауіпсіздік саммиті қауіпсіздіктің барлық мәселесін сақтайтын тиімді халықаралық жүйе құруға мүмкіндік береді, дейді «Ақ Орда» республикалық қозғалысы қоғамдық бірлестігінің бас үйлестірушісі Зоя Төлебаева.
Астана қаласы 23 Наурыз, 09:00

«Басталғанынан бергі уақыттан бері Семей полигоны аумағында 459 ядролық сынақ өткізілген. Соның ішінде 113-і атмосферада жасалған. Бүгінде полигон үнсіз жатыр. Бұған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор. Ол дер кезінде саяси билігін пайдалана отырып алғаш рет Семей сынақ алаңын өз еркімен жабу туралы шешім қабылдады. Осылайша біздің елді ядролық державалар қатарынан алып шықты. Қазір де жыл сайын Елбасы ядролық қауіпсіздікке арналған барлық саммиттердің басы-қасында жүр. Бұл өз кезегінде біздің елде келешекте бейбітшіліктің арта түсетінінен хабар береді», - дейді қозғалысы қоғамдық бірлестігінің бас үйлестірушісі.

Оның айтуынша, алдағы Гаагада өтетін ядролық қауіпсіздік саммиті қауіпсіздіктің барлық мәселесін сақтайтын тиімді халықаралық жүйе құруға мүмкіндік бермек.

«Ядролық қауіпті азайту бастамасы» атты америкалық үкіметтік емес ұйымға сілтеме жасай отырып ол соңғы екі жылда ядролық қаруға иелік ететін материалдары бар мемлекеттердің санының төрттен бірге дейін азайғанын айтады.

«Жаңа ғасырдың бастан өткеріп жатқан оқиғалары ядролық қауіпсіздіктің ескі әдістеріне жаңаша қарауды талап етеді. Ядролық елдерді басқарып отырған аз ғана саясаткерлер тобы жаппай қырып-жою қаруымен адамзатқа қатер төндіре ала ма? Ядролық технологияларды тиімді және қауіпсіз басқарудың жолы қандай сонымен қатар бейбіт атомның дамуына қалайша жағдай жасауға болады? Бұл сауалдарды Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік саммитінде қойған еді. Оның айтуынша, ядролық қауіпсіздік біздің ғасырдың ең үлкен мәселелерінің бірі», - дейді Зоя Төлебаева.

Естеріңізге сала кетейік, 24-25 наурызда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Гаагадағы ядролық қауіпсіздік саммитіне қатысады. Сапар барысында Мемлекет басшысы саясат, экономика, технология, ғарыш, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, білім беру мен өзге де салалар бойынша екіжақты құжаттарға қол қоймақ.

«21 ғасыр қауіпсіздік пен тұрақтылық ғасыры болуы керек. Әлем елдері біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің ұрпақ келешек ұрпақ алдында үлкен жауапкершілікке ие деп айтқанын есте сақтауы керек», - дейді З.Төлебаева.





Яндекс.Метрика