Ұлттың денсаулығы

Өскеменде Орта Азияда теңдесі жоқ спорттық алаң ашылды

Өскемен қаласындағы Қ.Сатпаев даңғылында олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика алаңының салтанатты ашылуы өтті.
Шығыс Қазақстан20 Наурыз , 15:20

ШҚО ақпараттық орталығының хабарлауынша, жаңа нысанның қабырғасындағы алғашқы жарыс 1960 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Гусман Қосановты еске алуға арналған жеңіл атлетика бойынша облыстық чемпионат болмақ.

Сонымен қатар, жаңа спорт нысанында облыстың жас спортшыларының шынығуына жағдай жасалып, барлық балалардың қатысуына мүмкіндік берілмек.

«Мемлекет басшысының саясаты азаматтардың өмір сүру деңгейіне, соның ішінде денсаулығының жақсаруына бағытталған. Өздеріңіз де білесіздер, халықтың кемінде 30 пайызының спортпен айналысуына жағдай жасауымыз керек. Бұл көрсеткішті барынша молынан көтеру үшін 3 жыл ішінде облыста 300 спорт нысаны салынды. Соңғы манеждің ашылуына «Қазатомпром» компаниясы үлкен ұлес қосты. Жеңіл атлетика алаңы шығыс қазақстандықтарға Наурыз мерекесіне орай сыйлық. Енді біздің жастарымыз бұрынғыдан да шыныға түседі», - дейді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кету керек, ғимараттың құрылысы құны 850 млн теңгеге жетті. Соның 700 млн теңгесін «Қазатомпром» ҰК» АҚ берген. Қалған қаражат «Парыз» қоры тарапынан аударылды. Ғимараттың жалпы ауданы 6910,85 шаршы метрді құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысы спорттық нысандарды көбейту бойынша елімізде алдыңғы қатарда.

 




Яндекс.Метрика