Білім беру

ҚазҰУ жоғары білікті кадрлар даярлауда үлгі болуы тиіс – Н. Назарбаев

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановпен кездесті.
Астана қаласы19 Наурыз , 18:05

Ақордада хабарлағандай, кездесу барысында еліміздің жоғары білім беру жүйесін дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы ҚазҰУ республиканың ірі жоғары оқу орындарының бірі болып саналатынын, ал оның түлектері экономиканың барлық  секторында жұмыс істейтінін атап өтті.

«Бүгінде жоғары оқу орындарының студенттеріне қойылатын талап өте жоғары. Биыл құрылғанына 80 жыл толатын университет өзінің бәсекеге қабілеттілігін ұдайы арттыра отырып, жоғары білікті кадрлар даярлауда үлгі болуға тиіс. Тек осы жағдайда ғана оқу орнының мәртебесі арта түсетін болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ғ.Мұтанов жоғары оқу орнының қазіргі қызметі және әлемдегі ең үздік 300 университеттің қатарына қосылу жөніндегі негізгі міндеттер туралы да айтты.

Ректор ҚазҰУ-дың алдында білімге негізделген инновациялық экономика субъектісіне айналу міндеті тұрғанына тоқталды. Бұл орайда университет ғылыми-технологиялық міндеттерді шешуде, білім беру сапасын және еліміздің оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруда үлгі болуды көздеп отыр.

 

 




Яндекс.Метрика