Халықаралық интеграция

Н. Нығматулин Женевада Парламентаралық Одақтың 130-шы Ассамблеясында сөз сөйледі

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Женевада өтіп жатқан Парламентаралық Одақтың 130-шы Ассамблеясы аясында, «ПАО Ассамблеясының 125 жылдығы: демократия мен бейбітшілікті нығайтуда ПАО мүше-парламенттер міндеттемелерін растау» тақырыбында талқылауға қатысты.
Астана қаласы18 Наурыз , 11:50

Мәжілісте хабарлағандай,  Ассамблея жұмысына әлемнің 150 елінен 1500-ге жуық делегат жиналды.

 Жоғары деңгейлі форумда сөз алған Мәжіліс Спикері бүгінгі күні экономикалық, саяси басымдылығына және географиялық аумағына қарамастан, барлық елдердің тең дәрежеде Парламентаралық үнқатысуға қосыла алатынын сөз ете келіп, аталған халықаралық ұйымның маңыздылығына тоқталды. 

 Осы ретте Нұрлан Нығматулин бейбітшілікті нығайту жолында қазақстандық парламентшілердің үлесіне  баса назар аударды.

"Әріптес-мемлекеттер парламенттерінің және халықаралық парламенттік ұйымдардың тәжірибесін ескере отырып, заңнамалық құжаттар  қабылдау- Қазақстандық парламент өкілдерінің ПАО жұмысына белсене араласып жатқандығының нақты нәтижесі" ,- деді Мәжіліс Төрағасы.

Нұрлан Нығматулин Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттары туралы сөз еткенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты даму мен қауіпсіздікке ықпал етуге бағытталған барлық бастамаларының өзектілігін атап өтті. Мәселен, ол, ең алдымен, ядролық қарусыздану және таратпауға арналған жобалар, этникааралық және конфессияаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісі, сондай-ақ, Азияда қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты нығайту жөніндегі кешенді шаралар.  Мәжіліс Төрағасының айтуынша, бұл біздің еліміздің халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершілігінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, біздің мемлекетіміздің  2107-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынуы Қазақстанның бейбітшілікке деген ұстанымының көрсеткіші.

"Осы Ассамблеяға қатысып отырған парламент өкілдері біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көптеген бастамаларына ерекше назар аударды. Соның ішінде, бүгінгі күні, әсіресе,  G-global жобасының орны да ерекше, маңызы да өте зор болып отыр. Осының барлығы біздің Президентіміздің халықаралық бастамалары қазіргі заманға сай екенінің тағы бір нақты дәлелі",-деді Н. Нығматулин.

ПАО 130-шы Ассамблеясының күн тәртібіне сондай-ақ ядролық қауіпсіздік, әлеуметтік-саяси, табиғатты қорғау және экономикалық басымдықты ескере  отырып заманауи жағдайдағы тұрақты даму және балалар құқығын қорғау мен олардың соғыс және жанжалдар кезінде зардап шегуіне  жол бермеу мәселелері енгізілді.

 

 

 

 

 




Яндекс.Метрика