Денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдықтар

ДСМ-да Жолдауда көрсетілген міндеттерді іске асыру мәселелесіне арналған отырыс өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде орталық және жергілікті атқару органдарының, Министрліктің аумақтық органдарының және республикалық денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының қатысуымен селекторлық режімде алқа жиыны болып өтті.
Астана қаласы22 Желтоксан , 00:00

Жиында ҚР Президентінің Қазақстан халқына «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында көзделген іс-шараларды орындау, ҚР Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шаралары туралы мәселелер қаралды.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова жиынға қатысушылардың назарын Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына ерекше назар аударылғанына тоқталды. Жолдауда:

- Сапалы және қолжетімді медициналық қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету;

- Аурулар түрінің барынша кең спектрін диагностикалау және емдеумен қамтамасыз ету;

- «Смарт-медицина», қашықтан профилактика және емдеу, «электрондық медицина» қызметтерін енгізу;

- Балалар денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсілдер енгізу, балаларды медициналық қызметтің барлық спектрімен қамту;

- Медициналық білім беру жүйесін түбірімен жақсарту;

- Медициналық жоғары оқу орындары жүйесін мамандандырылған орта деңгейдегі білім беру мекемелері желісі арқылы нығайту;

- Заңнамалық деңгейде медициналық жоғары оқу орындары мен мекемелердің халықаралық аккредитациясын өткізуді бекіту сияқты негізгі бағыттар айқындалды. 

ҚР Үкіметі ҚР Президент Әкімшілігімен бірлесе отырып, Жалпыұлттық жоспарды бекіту туралы Жарлық жобасын әзірледі. Сол бойынша халық денсаулығын қорғау саласында он іс-шара атқару қарастырылған. 

Елбасы Жолдауын іске асыру бойынша: медициналық қызмет сапасы бойынша жаңадан бірыңғай стандарттар енгізу, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жарақтандыруды жетілдіру және біріздендіру, балалар денсаулығын қамтамасыз етуде жаңа шаралар атқару, медициналық жоғары оқу орындарын мамандандырылған орта деңгейдегі білім беру ұйымдары желісімен нығайту, оқу үрдісіне күнделікті тәжірибені үйлестіру, медициналық оқу орындарының тәжірибелік ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту, жекеменшік медицинаны дамыту және медициналық оқу орындары мен мекемелерін халықаралық аккредиттеу мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу және т.б. ұсыныстар енгізу жоспарлануда.

Жиын қорытындысында Министр Салидат Қайырбекова іс-шаралар жоспарын әзірлеу бойынша мекемеаралық жұмыс тобын құруға тапсырма беріп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін барлық күш-жігерді жұмылдыруға шақырды. 




Яндекс.Метрика