Ұлттың денсаулығы

Алматының жетекші медициналық технологиялардың қаласына айналуына мүмкіндігі жетерлік - А.Есімов

Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының қорытынды алқа отырысында шаһар басшысы Ахметжан Есімов мегаполистің жетекші медициналық технологиялардың қаласына айналуына мүмкіндігі жетерлік екенін атап өтті.
Алматы қаласы02 Наурыз , 10:26

2013 жылы денсаулық сақтау саласына қалалық бюджеттен  40 млрд. теңге бөлінді, деп қалалық акиматтан хабарлады.  Бұл қаржыға  Алатау және Түрксіб аудандарында  3 емхана және №15 емханаға  жапсырма ғимарат салынды, балаларға арналған жедел медициналық көмек орталығының хирургиялық корпусы пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласының 14 нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, № 5 және №15 перзентханалар мен №1 қалалық клиникалық аурухана   сейсмикалық күшейтілді.  

Алматы әкімі 2014 жылға арналған басты міндеттерді атап өтті.

«2015 жылға дейін денсаулық сақтау саласы бойынша негізгі индикаторға қол жеткізуге жағдай жасау керек.  Ауруды алғашқы кезеңде анықтайтын және әлеуметтік маңызды ауруларды емдейтін орталықтардан 6-ын ашып, «Салауатты өмір салтын» қалыптастыратын орталықтың жұмысын күшейту керек.  Сонымен қатар, бірыңғай жүйе – электронды амбулатория картасын құру бойынша жұмысты  бастаған абзал. Ағымдағы жылдың соңына дейін 2 мекемені мемлекеттік жеке әріптестік жүйесі бойынша сенімгерлік басқаруға өткізіп, ведомствоға қарасты ұйымдардың қаржылай тәртібін жақсартқан жөн», - деді Ахметжан Есімов.

А. Есімов ағымдағы жылы медицина қызметкерлеріне арналған 200 орындық жатахананың құрылысы аяқталатынын баса айтты.  




Яндекс.Метрика