Жұмыспен қамту мен еңбектің жаңа саясаты - Қазақстан – Жалпыға бірдей еңбек қоғамы

ЕХӘҚМ дәрігерлер мен ұстаздардың еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесінің жобасын дайындады

«Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы мәслихатпен жұмыс және өңірлік саясат кеңесінің отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесінің моделін таныстырды.
Астана қаласы28 Ақпан , 10:03

Шараға ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары, мемлекеттік орган мен қоғамдық қауымдастық өкілдері қатысты, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

Жиынды ашқан Мәжіліс депутаты Кеңес төрағасы Гүлнәр Сейтмағанбетова Мемлекет басшысының Үкіметке 2015 жылдың 1 шілдесіне дейін азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа моделін дайындауды және енгізуді тапсырғанын еске салды.

«Басты модель денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысын 28%, білім беру саласы қызметкерлерінікін 29%, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің айлық жалақысын 40% көтеруге негіз болуы керек», - деді Кеңес төрағасы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесінің моделін таныстырды. Оның айтуынша, жобада азаматтық қызметкерлердің міндетін бөлу мен біліктілік деңгейі, білімі, менеджмент ұйымы, қызмет саласына байланысты олардың еңбекақысын төлеу критерийлерін анықтау қарастырылған.

«Қолданыстағы жүйеде түрлі кәсіби құзіреттегі, жауапкершілік деңгейіндегі және жұмыс қиындығына сай мамандардың еңбекақысын төлеу бір деңгейде қарастырылады. Біз төрт функционалды блок бойынша қызметтерді анықтаймыз», - дейді Аида Құрманғалиева.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтық қызмет міндеттерін бөлетін басқару, негізгі, әкімшілік және көмекші блоктарды құруды ұсынуда.

«Олардың әрқайсында біліктілік деңгейі, білімі, менеджмент ұйымы, қызмет саласына байланысты олардың еңбекақысын төлеу критерийлерін анықтайтын боламыз», - дейді жауапты хатшы.




Яндекс.Метрика