Басқару

Бас прокуратура мен Халықаралық көші-қон ұйымы адам саудасына қарсы әрекет саласындағы Меморандумға қол қойды

Астана қаласында Бас прокуратура мен Халықаралық көші-қон ұйымы адам саудасына қарсы әрекет саласындағы Меморандумға қол қою рәсімі болып өтті.
Астана қаласы27 Ақпан , 16:30

Бүгін Бас Прокурор Асхат Дауылбаев және Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы миссиясының басшысы Деян Кесерович Адам саудасына қарсы әрекет ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум жасасты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Құжатқа қол қоюдың өзектілігі туралы айта келе, А.Дауылбаев құқық қорғау органдарының адам саудасымен күрес саласында қызмет атқаратын үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдармен ықпалдастығының белсенділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте Бас прокуратураның Халықаралық көші-қон ұйымымен ынтымақтастығын тереңдету азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін нығайтуға бағытталған әріптестіктің жалғасы болып табылады.

Ведомствода хабарлағандай, қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, адам саудасының құрбандарына жәрдем беру, адам саудасына қатысты әрекеттердің алдын алу және тергеу мәселелері бойынша ақпарат алмасу, сондай-ақ бірлескен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыру өзара іс-әрекеттің негізгі бағыттары ретінде белгіленді.Сонымен қатар тараптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің адам саудасына байланысты қылмыстарды болдырмау жоспарын жүзеге асыру аясында күш-жігерлерін шоғырландыруды көздеп отыр. Орталық Азиядағы көші-қонды реттеу, еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау, адам саудасына қарсы күрес, Қазақстанның барлық аймақтарында әрекет ететін адам саудасы құрбандарын сауықтыру үшін дағдарыстық орталықтардың жұмысын қолдау – аталған жұмыстың негізгі бағыттары болып табылады.

 




Яндекс.Метрика