Ұлттың денсаулығы

Қазақстан обыр ауруын емдеудің халықаралық пішініне толықтай көшеді – ДСМ

Астанада Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылының қорытындысы шығарылды.
Казахстан27 Ақпан , 09:00

Бүгінгі күні Қазақстанда әлемнің көптеген дамыған елдеріндегідей обырдан болатын өлім-жітім қан айналымы жүйесінен кейін 2-ші орын алады. Жыл сайын елімізде 33 мыңдай обырға шалдыққан адамдар анықталады, олардың ішінде бірінші орында сүт безі обыры, одан кейін өкпе, ас қорыту ағзалары және тері обыры.

Жалпы республикада есепте 146 мыңнан астам обырға шалдыққан науқас тіркелген. Жыл сайын бұл қатерлі дерттен 10 мың адам қайтыс болады. Өлімнің негізгі себебі 3-4 сатысында обырды кеш анықтау болып табылады.

Осыған байланысты, обырды ерте анықтауға бағытталған 6 скрининг енгізілді (2008 жылдан - сүт безі және жатыр мойыны, 2011 жылдан - тік ішек обыры, 2013 жылдан - қуық безі, өңеш, асқазан және бауыр обыры). Скринингтер жақсы нәтиже беруде.

Сүт безі обырын ерте анықтау көрсеткіштері скринингтерге дейін 74% құраған болса, 2013 жылдың қорытындысы бойынша 85%-ға жетті. Әлемдік тәжірибеде бұл көрсеткіштерді 95%-ға жеткізу мүмкіндігі бар.

Мұндай нәтижелерге тұрғындардың белсенділігі, дер кезінде профилактикалық және скринингілік тексерулерден өту арқылы жетуге болады. Обырды емдеу нәтижесі ерте диагностикалауда тиімді екенін есте сақтау керек.

Мамандар Қазақстанда обырды әлемдік стандарттар деңгейінде емдеу үшін барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтуде: биыл 5 өңіраралық жоғары технологиялық онкологиялық орталықтар құрылады. Орталықта емдеу және диагностикалаудың ең озық әдістері қолданылатын болады.   

Одан басқа, Астанада обырды емдеудің жаңа әдістерін әзірлеумен айналысатын ғылыми орталық жұмыс жасайды. Ондағы мамандар өздері әзірлеген емдеу әдістемесі бойынша бас миы және сүйек обырын емдеудегі жетістіктерді атап отыр.

Қажетті қаржыландыру нәтижесінде енгізілген халықаралық стандарттар, балалардың онкологиялық ауруларын емдейтін Астана және Алматыдағы екі орталыққа, лейкозға шалдыққан балалардың өміршеңдігін 75%-ға жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл көрсеткіш әлемнің үздік клиникаларында 80% құрайды. 4 жыл бұрын осындай онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың 50% қайтыс болатын.

Қазақстан толығымен обырды емдеудің халықаралық стандарттарына көшті. Тек былтыр 150 астам жас маман Еуропа, Азия және Американың жетекші клиникаларында оқытылды. Сондай-ақ, жетекші шетелдік мамандарды шақыру арқылы шеберлік-кластар шеңберінде еліміздің онкологиялық қызметінің 520 астам маманы онкология және  радиологияның өзекті мәселелері бойынша оқытылды.

Бүкіл қызметті тиімді үйлестіру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанында арнайы штаб құрылды және медицина қызметкерлері алдында Қазақстанда әлемдік стандарттарға сай жаңғыртылған онкологиялық қызмет құру міндеті тұр.

Онкологиялық бағдарламаның іске асырылуы қазақстандық орталықтарға обырды едеуде және диагностикалауда халықаралық деңгейге жетуге мүмкіндік береді.

Обырды ерте анықтауды насихаттау мақсатында наурыздың 1-нен 15-не дейін еліміздің барлық онкологиялық орталықтарында кез-келген адам қажетті тексерулерден өте алады.

 




Яндекс.Метрика