Халықаралық интеграция

Қазақстандық делегация Ирандағы Азия Парламенттік Ассамблеясының мәжілісіне қатысты

18-20 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Қ.Жақыпов бастаған ҚР делегациясы Тегеран қаласында өткен Азия Парламенттік Ассамблеясының (АПА) 9-шы отырысына қатысты.
Әлемде21 Ақпан , 09:10

ҚР Сыртқы істер министрлігінде хабарлағандай, делегация құрамына ҚР Парламенті Сенатының депутаты О.Рахманбердиев және Мәжіліс депутаты М.Ахмадиев кірді. Аталған шара шеңберінде қазақстандық делегация Иранның Ислам Кеңесі Мәжілісінің Төрағасы Ә.Лариджанимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қ.Жақыпов екіжақты, өңірлік және халықаралық байланыстарды нығайтудағы парламент аралық ынтымақтастықтың рөліне тоқталды. Ол Өзен (Қазақстан) - Қызылқия - Берекет - Этрек (Түркменстан) - Горган (Иран) темір жол желісінің іске қосылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың дамуына мүмкіндік беретінін баса айтты.

Ә.Лариджани ислам әлеміндегі беделді елдердің бірі ретінде Қазақстаннның парламенттік делегациясының АПА отырысына белсене қатысуы осы ассамблея беделінің өсуіне себеп болатынын айтты. Ол АПА шеңберінде оған мүше елдер арасында парламенттік ынтымақтастықты нығайтумен қатар, экономикалық байланысты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы«Қазақстан-Түркменстан-Иран» темір жол желісінің іске қосылу жобасы өңір елдерінің қызығушылық қызығушылық тудырып отырғанын айта отырып, қазақстандық кәсіпкерлерді Иранға инвестиция салуға шақырды.

Сондай-ақ ол Қазақстанға Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ұстанымы үшін алғысын білдіріп, Иранның «алтылық» тобымен келіссөздерінің екі кезеңінің Қазақстанда өткізілуі Тегеранның Астана бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екенін көрсетеді деп мәлімдеді.

Тегеранда болған кезде қазақстандық делегация АПА шеңберінде парламенттік байланыстарды нығайту мәселелерін талқылау мақсатында АПА Бас хатшысы Мохаммад Хади Нежад-Хусейнианмен кездесті.

 

 

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика