Халықаралық интеграция

Қазақстандық делегация Қазақстанның Кубамен білім беру саласындағы ынтымақтастығы мәселелерін талқылады

Білім және ғылым министрлігінің Жауапты хатшысы Әлия Ғалымованың басшылығымен қазақстандық делегация Кубаға сапармен барды. Делегация құрамына Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Оңдасын Әшімов, Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Амантай Нұрмағамбетов және т.б. кірді.
Әлемде20 Ақпан , 10:20

Қазақстандық-кубалық келіссөздердің нәтижесі бойынша, Ә.Ғалымова мен Кубаның Жоғарғы білім министрі Родольфо Аларкон Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Куба Республикасының Жоғарғы білім министрлігі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Куба ҚР Білім және ғылым министрлігімен осындай келісім бекіткен Латын Америкасы аймағындағы бірінші ел болды.

Сондай-ақ, Гаванаға сапар барысында қазақстандық делегация қатысушыларының жалпы саны 56 елден 2900 адамды құраған «Университет-2014» атты ІX Жоғарғы білім мәселелері жөніндегі халықаралық конгреске қатысты. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жауапты хатшысы Бразилия, Уругвай, Эквадор, Доминикан Республикасы, Ангола, Никарагуа және т.б. елдердің білім министрлері мен вице-министрлерінің қатысуымен өткен толық мәжілісте сол шараға төрағалық еткен Министр Р.Аларконнан кейін бірінші болып сөз сөйледі.

ҚР Сыртқы істер министрлігінде, форум алаңында Ә.Ғалымованың Куба Мемлекеттік кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Мигел Диас-Канел және Конгреске қатысқан делегациялар басшыларымен, соның ішінде Білім, мәдениет, көптілдік және жастар мәселелері жөніндегі Еуропалық комиссар Андрулла Василиу, Білім мәселелері жөніндегі ЮНЕСКО Бас Директорының орынбасары Киан Танг, Доминикан Республикасының Жоғарғы білім, ғылым және технологиялар министрінің орынбасары Рафаэль Гонсалеспен және т.б. екіжақты кездесулері өтті.

Сонымен қатар, сапар барысында қазақстандық ректорлардың Гавана Университеті және Кубаның басқа да жетекші жоғарғы оқу орындарының басшыларымен кездесулері болып өтті. Нәтижесінде, Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Кубаның Жоғарғы политехникалық институты арасында оқытушылар және студенттер алмасу арқылы қазақ, испан және орыс тілдерін үйрену және оқыту саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға бағытталған Ниет хаттамасына қол қойылды.

 

 

 

 

 

 

 




Яндекс.Метрика