Өңірлер

2014 жылы наурыз айында Қазақстандағы жаңа АЭС орналасатын аймағы мен құрылыс мерзімі белгілі болады - ИЖТМ

ҚР Президентінің халыққа Жолдауы аясында 2014 жылдың бірінші тоқсанының аяғында Қазақстанда жаңадан салынатын АЭС орналасатын жері мен құрылыс мерзімі белгілі болады, деп ҚР ИЖТМ Атом энергиясы комитетінің төрағасы Мажіт Шәріпов «Strategy2050.kz» АА тілшісіне берген сұхбатында ағынан жарылды.
Астана қаласы 19 Ақпан, 09:37

«Президенттің халыққа Жолдауында Қазақстанда атом энергиясын дамытудың қажеттілігі айтылған және Үкіметке осы сала бойынша атом станциясының орналасатын жері мен құрылыс мерзімін ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының аяғына дейін шешу жүктелді. Айта кетерлік жайт, Қазақстанның атом электр станциясын салуға барлық мүмкіншілігі жетерлік, бізде уранның қоры мол және жақсы ғылыми зерттеу кешендерімізде жоқ емес. Менің ойымша біз Президенттің тапсырмасын дер кезінде орындаймыз», - деп М. Шәріпов атап өтті.

Оның айтуынша, 2013 жылы аталмыш бағытта алғашқы дайындық жұмыстары жүргізіліп, аймақтарға іс-сапарлар болды.

«Үкіметпен комиссия да, жұмыс тобы да құрылып, олар аймақтарға іс-сапармен барып қайтты. Олар атом электр станциясын салуға болады деген өңірлермен танысып, зерттеп, жергілікті билік органдарымен кездесті. Көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірақ өздеріңіз де түсінесіздер, қолға алып отырған нысан өте қымбат, өте күрделі, барлық мемлекетте бірдей атом станциялары жоқ. Қазақстан үшін бұл атом станциясын салу секілді осындай ірі жобаны іске асыруда алғашқы қадам болмақ», - дейді М.Шәріпов.

Оның айтуынша, атом станциясы құрылысы 10-12 жылға дейін созылуы мүмкін.

«Алдымен біз атом станциясын салатын жерді анықтаймыз. Осы ауданда мұқият түрде геологиялық, сейсмикалық зерттеулер жүргізіледі. Ауданның инфрақұрылымы бағаланып, экологиялық жұмыстар анықталып, оған жергілікті халықтың көзқарасы ескеріледі. Яғни, бұл шешімін табуымыз тиіс мәселелер кешені. Содан кейін ауданды анықтағаннан соң, мұқият зерттеу жұмыстарын жүргізіп, АЭС орналастырылатын жер нақты анықталады. Менің ойымша, бұл жұмысты бір жыл ішінде толық аяқтауға болады», - дейді М.Шәріпов.

Жобаны іске асыру үшін техникалық-экономикалық негіз қажет. Онда реактордың техникалық жағдайы көрсетіліп, жұмысты іске асыру жобасы мен экономикалық мәліметтер орналастырылады.

 

 

 

 





Яндекс.Метрика