Инвестициялар

ҚР СІМ-де құны 220 млн евролық келісімдерге қол қойылды

Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Еуропалық инвестициялық банкі (ЕИБ) мен «Қазақстанның даму банкі» АҚ арасында 120 млн.еуро сомасында, сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банкі мен «Сбербанк России» АҚ Еншілес банкі арасында 100 млн.еуро сомасында алғашқы несиелік келісімдерге қол қою туралы мәлімдемелерге ресми түрде қол қою салтанаты өткізілді.
Астана қаласы19 Ақпан , 09:30

Сыртқы істер министрлігінде хабарлағандай, аталған несие желілері шағын және орта бизнес, әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды дамыту және климат өзгеруінің жағымсыз салдарын жеңілдету саласындағы қазақстандық жобаларды қаржыландыруға бағытталған.

Құжаттарға ЕИБ тарапынан - аталмыш банктің вице-президенті Вильгельм Мольтерер, «Қазақстанның даму банкі» АҚ тарапынан - басқарма төрағасының міндетін атқарушы Аскар Достияров, «Сбербанк России» АҚ Еншілес банкі тарапынан - басқарма төрағасының орынбасары Ельдар Теңізбаев қол қойды.

Қол қою рәсіміне қатысқан ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Еуропалық инвестициялық банкпен өзара әрекеттестік Қазақстанның инвестициялық саясатының және еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасының жаңа құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті.

«Біз Еуропалық инвестициялық банкпен өзара тиімді ынтымақтастық және жемісті диалогтың тереңдей түсуіне үлкен көңіл бөлеміз. ҚР СІМ Елбасының шетел инвестицияларын тарту бойынша тапсырмасын орындауға барынша күш-жігерін салуда», - деп баса айтты.

Бұл ретте, Еуропалық инвестициялық банкі (ЕИБ) мен Қазақстан мемлекеттік құрылымдары арасындағы келіссөздерге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен оның Еуроодақ жанындағы миссиясы белсенді қатысқанын атап өткен жөн. Қазақстан Республикасындағы жобаларды қаржыландыру мақсатында Еуропа инвестициялық банкін тарту мәселесі Қазақстан-Еуроодақ Ынтымақтастық кеңесінің жұмысы шеңберінде қарастырылған болатын.

 

 

 




Яндекс.Метрика