Инфрақұрылымның дамуы

ЭКСПО-2017 қарсаңында ҚР-дағы сыныптан тыс вокзалдар қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріледі – Д.Потлов

Мемлекет басшысы Жолдауын іске асыру аясында 2017 жылға қарай еліміздегі сыныптан тыс вокзалдар қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріледі, деп мәлімдеді ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Транспорт және байланыс жолы комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Дмитрий Потлов Strategy2050.kz агенттігіне берген сұхбатында.
Казахстан 18 Ақпан, 18:30

«2013 жылы жолаушылар поезы мен вокзалдарда жолаушыларға қызмет көрсету сапасы бойынша ұлттық стандарт енгізілді. Осы стандарттарды қалыптастыру аясында вокзал шаруашылығын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Таяуда ғана 250-дей вокзал мемлекет меншігіне қайтарылды. Соңғы мәліметтер бойынша, 2013 жылы 80 вокзалға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал 2014 жылы 38 вокзалды жаңғыртып, күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу жоспарланған. Бірінші кезекте қандай шаралар атқарылады? Біріншіден, барлық бірінші сыныпты вокзалдар ана мен бала бөлмесі, дәріхана мен қызмет көрсету саласының барлық нысандарымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар кассалар салынып, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалады», - дейді Д.Потлов.

Оның айтуынша, Астана мен Алматыдағы сыныптан тыс вокзалдарға да баса назар аударылып, ЭКСПО-2017 қарсаңында барлығы қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілмек.

«ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру жоспары біздің барлық вокзалдарды қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіруімізді талап етеді. Демек вокзалдарға турникеттер, бақылау камераларын орнатып, барлығын автоматтандыруымыз керек», - дейді Д.Потлов.





Яндекс.Метрика