Басқару

ҚР Премьер-Министрі С. Ахметов реттемелі бағаларды бақылау және БЖЗҚ қалыптастыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Мемлекет басшысының осы жылғы 14 ақпандағы кеңейтілген Үкімет отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді.
Астана қаласы17 Ақпан , 14:30

Премьер-Министрдің ресми сайты хабарлағандай, кеңесті ашқан Премьер-Министр Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша айқын да нақты шаралар әзірлеу қажеттігін атап көрсетті.

Осыған орай, С.Ахметов өкілетті мемлекеттік органдарға Президенттің барлық тапсырмаларын толық көлемде мүлтіксіз атқаруды қамтамасыз етуге нұсқау берді.

Премьер-Министр Үкіметтің тапсырмаларды орындау бойынша жұмысының негізгі бағыттарын атады. Нақтылап айтқанда, ұлттық валютаның құнсыздануына қатысты С.Ахметов негізгі азық-түлік түрлері мен әлеуметтік маңызды тауарлар, ЖЖМ, дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, азық-түлік тапшылығына және монополистердің қызметтері тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеу қажеттігін атап көрсетті. 

Премьер-Министр өңірлердің ұн тарту кәсіпорындарын астықпен тіркелген баға бойынша қамтамасыз ету туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Сондай-ақ 1 мамырға дейін коммуналдық қызметтерге тарифтер тоқтатылып қойылатын болады.


«Қазірдің өзінде нақты шаралар анықталды, енді оны орындау, оның орындалуына қатаң бақылау орнату қалды»,-деді С.Ахметов.

Мұнымен қатар, С.Ахметов «ЭБЖМ, ТМРА-ға мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп реттемелі баға мен тарифтер саласындағы саясатты анықтау бойынша кешенді шаралар әзірлеуді» тапсырды.

Үкімет басшысы сондай-ақ Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры қызметі тақырыбын қозғады.

«Үкіметтің шешімімен БЖЗҚ құрылды. Қазіргі кезде оған азаматтардың зейнетақы жинақтарын беру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бірыңғай қор толыққанды жұмысын бастау үшін бұл процестерді жеделдету керек. Оның сыртында, бұл жұмыстар туралы халықты барынша ақпараттандыру қажет»,-деді С.Ахметов.

Премьер-Министр өкілетті мемлекеттік органдарға «индустрияландырудың басым бағдарламаларын қаржыландырудың, өңдеу кәсіпорындары жобаларын, шағын және орта бизнесті несиелендірудің нақты тетіктерін дайындауды тапсырды».

С.Ахметов кәсіпкерлік сферасындағы әкімшілік процедураларды оңайлату мақсатында, кәсіпкерлікті реттейтін, барлық нормативтік-құқықтық актілерге осы жылғы 1 маусымға дейін ревизия жүргізуді тапсырды.

Премьер-Министр сондай-ақ еліміз экономикасына инвестиция тартудың қолданыстағы шарттарын қайта қарауға өкім етті.

«Біздің қолымызда шетелдік және отандық инвестицияларды тартудың айқын жоспары болу тиіс. Әрбір басым секторға үздік транс ұлттық компаниялар тізімін анықтап және олардың әрқайсын тарту бойынша стратегия дайындау қажет. Инвесторға кедергі келтіретін барлық бөгеттерді алып тастау керек»,-деп есептейді С.Ахметов.

Үкімет мүшелерінің назарын кен барлау жұмысын дамытудың маңыздылығына аударған С.Ахметов ИЖТМ, МГМ-ге бұл салаға жетекшілік ететін, жеке мемлекеттік орган құру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.

Мұнымен қатар, Премьер-Министр өкілетті мемлекеттік органдарға Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындауға бағытталған басқа да бірқатар нұсқаулар берді.

«Тұтастай алғанда, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кеңейтілген Үкімет отырысының қортындысы бойынша, нақты орындаушылар мен мерзімдер анықталатын, тиісті хаттамаға қол қойылатын болады»,-деп түйіндеді С.Ахметов.




Яндекс.Метрика