Өңірлер

ШҚО-да жастар бағаны ұстап тұру жұмыстарына қосылды

Өскеменде еріктілердің бес мобильді тобы қаланың сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына мониторинг жасауда.
Шығыс Қазақстан15 Ақпан , 12:00

Аталмыш қызметтің бастамасы ШҚО жастар саясаты ісі басқармасына тиесілі.

ШҚО Ақпараттық орталығының хабарлауынша, «Тоқта баға!» тобы қатысушылары - Орталық базар, «Извушка», «Толқын», Шығыс ауылы секілді қаланың аудандарында баға өзгерісін қадағалайтын ерікті студенттер болып табылады.

«Қала сауда орындарында тұрақтылық болмаған осындай жауапты кезде біз бейтарап қала алмаймыз. Халыққа қолымыздан келгенінше қолғабыс етіп, осы мақсатта 5 мобильді топ қаланың әр жеріндегі сауда орындарындағы тауар бағасын қадағалаудамыз. Біз жоғарғы деңгейлі супермаркеттердің емес, қарапайым студенттер мен зейнеткерлердің сауда жасайтын шағын дүкендерінің бағасын бақылаймыз.Өйткені бағаның көтерілуі ең алдымен қарапайым халыққа ауыртпалық әкеледі», - дейді мобильді топ жетекшісі, «ШҚО жастар орталығы» КМБ директоры Арайлым Есімбекова.

Топ мүшелерінің айтуынша, мобильді қызмет етуге заманауи техника мен ғаламтор көмек береді. Мағлұматтармен жедел алмасу үшін еріктілер WhatsApp бағдарламасын қолдануда. Осы арқылы олар хабарлама мен баға суреттерін штабқа жөнелтеді.

Негізсіз баға көтерілуі жағдайында штаб қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік бөліміне хабарласып осы ақпаратты жеткізеді. 

Айта кету керек, аталмыш бастама тек Өскеменнің ішінде қалып қоймай, облыстың Семей, Курчатов, Риддер секілді өзге қалалардың да жастары осындай қызметтерге араласуда.




Яндекс.Метрика