Шолу

5 президенттік бастама: ұзақ мерзімді әлеуметтік саясат (ШОЛУ)

Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қызметкерлері Президенттің 5 бастамасына қатысты өз пікірлерімен бөлісті. «5 Президенттік бастама: әлеуметтік мемлекеттің қазақстандық үлгісі» деген тақырыппен өткізген брифинг барысында осындай ұзақмерзімді бағдарламаның аса маңызды екені, бұл елдің әл-ауқатын жақсартуға үлкен септігін тигізетіні айтылды.
Астана қаласы12 Наурыз , 17:43

Осыдан тура 1 апта бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев 5 әлеуметтік бастамасын жариялаған болатын. Содан бері елдегі және шетелдегі саясаттанушылар мен экономистер, қоғамдық ұйымдар мен саяси партия өкілдері өз пікірлерін айтып, Үндеуге үн қосып жатыр.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Мәдина Нұрғалиева әлемнің жетекші елдеріндегі әлеуметтік-бағдарланған саясат тәжірибесін атап өтті. Мәселен,  Скандинавия, Азиялық жолбарысы, Канада, Австралия секілді елдер технологиялық серпіліске негізделген әрбір азаматтың әл-ауқаты мен жағдайының жақсаруына мән береді.

Әлеуметтік тұрақтылықтың қалыптасқан үлгісі олардың Төртінші индустриалды революция қарсаңында интеллектуалды ұлт қалыптастыруда танылған көшбасшылар болуына мүмкіндік берді.

«Қазақстанда ұзақ мерзімді әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында әлеуметтік бағыттағы ауқымды жобаларды жүзеге асырудың уақыты келді. Жалпы алғанда төменде аталған шаралар маңызды әлеуметтік-саяси әсерге ие болады: біріншіден, елдің қоғамдық байлығындағы халықтың өз үлесінің қатысын сезінуіне мүмкіндік береді; екіншіден, еліміздің қалыпты дамуына қажетті отбасылық институтты нығайтады, туу көрсеткішін арттырады, азаматтардың өз болашағы және балаларының болашағына сенімді болуға қажетті құндылықты ынталандырады; үшіншіден, халық арасында бірлік сезімін нығайтады, сенім, қорғалғандық сезімі мен болашаққа деген үмітті арттырады. Мұның бәрі әлеуметтік оптимизм деңгейін күрт арттыруы, қоғамдық келісімді нығайтуы тиіс», - деді М.Нұрғалиева.  

Сонымен қатар,  Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы, белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы бастамада айтылған газдандыру  тұрғысында  ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету мәселесін қозғады.

«Елдің орталық және солтүстік өңірлерінде одан әрі газдандыру жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасы тұрғындарының тұрмыстық қажеттілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңір экологиясын жақсарту бойынша уақтылы және қажетті шара болып табылады. Бір айта кетерлігі, Қазақстан табиғи газдың расталған көлемі бойынша әлемде 22-ші, ТМД елдерінің арасында үшінші орында тұр. Табиғи газ өндіру көлемі жылдан жылға артып, 2017 жылы 50 миллиард текше метрден асып түсті. Мемлекет басшысы орталық және солтүстік облыстарды газбен қамтуды елдің оңтүстік өңірлерінен тасу арқылы жүргізуді міндеттеді. Бұл маңызды саяси шешім болып табылады», - деді Б.Әбдіғалиұлы.

Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов Президенттің бастамаларының әлеуметтік әсерлерімен қатар, адам капиталын дамыту, өндірістің бірқатар салалары, құрылыс, қаржы секторы, білім беру саларында да оң әсер беретіндігіне назар аударды.

Сарапшы «7-20-25» тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру Ұлттық Банктің арнайы құрылған, қаржы қоры 1 трлн. теңгені құрайтын еншілес ұйымы арқылы жүзеге асып, бұл қаражат қарыз алушылар мен банктердің арасындағы несие мөлшері көлемі мен басқа да негізгі шарттардың теңгерімін қамтамасыз етеді деп есептейді.

Вячеслав Додонов сондай-ақ, төмен жалақы алатын жұмысшыларға салық салуды төмендетуге байланысты Елбасының бастамасын атап өтті. Үндеуде аталынған кіріс көлемі – АЕАК-ның 25 еселік көлемі (60000 мың теңге) мен осындай кірісі бар жұмыскерлер санының 2 млн. адам екенін ескере отырып, салық деңгейін төмендету жағдайындағы жылдық кіріс 150 млрд. теңге болады.

«Бұл қаржы экономикаға қайта түседі, оған Қазақстанда жасалынған тауарлар мен қызметтер сатып алынады, бұл өз кезегінде ішкі нарық пен экономикалық өсімге қосымша серпін береді», -деді В.Додонов.

Елбасының жоғары білім беру сапасы мен қол жетімділігін арттыру бойынша бастамасы қазақстандық білім беру жүйесінде оң өзгерістерді ынталандыратын болады. Бұл пікірді  Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің жетекшісі Ляззат Нұрқатова  білдірді.

Айта кетсек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Адам дамуы индексі» рейтингінде Қазақстан 188 елдің ішінде 56 орынды иеленіп, адам дамуының жоғары деңгейі бар елдер тізімінде тұр.

 2018 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді дамыту шеңберінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық автономиясын кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр; жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының тәуелсіз рейтингісін өткізу және үздік білім беру бағдарламаларының тізілімін жасау; екі дипломды білім беру арқылы шетел студенттерін тарту; ағылшын тілінде білім беру бағдарламаларын енгізу; АТ, педагогикалық, медициналық, техникалық бағыттар бойынша жаңа университеттер ашу мәселелерін қарастыру және т.б.

Өз кезегінде,  ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекшісі Алуа Жолдыбалина студенттік жатақханалар мәселесіне тоқталды.

«Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының бірі - студенттерге арналған жатақхана мәселесіне тоқталғым келеді. Жалпы, айта кетерлігі, студенттердің жатақханада орын алу мәселесі көптеген мемлекеттердің күн тәртібінде тұр. Дамыған мемлекеттердің өзінде де бар. Жай ғана статистикамен бөліссем: бүгін де Берлин қаласында 150 мыңға жуық студенттің 9,5 мыңына ғана жатақханадан орын беріледі. Сол секілді Канададағы студенттердің де 2/3 бөлігі ғана жатақханадағы орынмен қамтамасыз етілген. Прага қаласында 151 мың студенттің бестен біріне ғана жатақханадан орын беріледі», - деді Алуа Жолдыбалина.

Phd доктор шетелдегі статистиканы келтіре келе, еліміздегі жағдай туралы айтты. Қазақстанда 470 мың студент бар. Олардың ішінде ауылдан, ауданнан немесе басқа қалалардан келген студенттердің саны шамамен 204 мың.  

«Яғни, бір сөзбен 204 мың студент елімізде жатақханада тұру керек. Бірақ осы студенттердің ішінде жатақханадағы орынға мұқтаж адамдардың саны 101 мыңға жуық... Жатақханадағы орын тапшылығы көп жағдайда Алматы (шамамен 22 мың студент жатақханаға зәру), Астана қаласында (7700), сонымен бірге бұл мәселе Қарағандыға да тән. Бірақ бұл жерде ескере кетерлігі, бұл ЖОО-ларға қатысты сандар. Егер колледж деңгейінде алар болсақ, онда тегін кәсіптік-техникалық білім беру аясында көптеген колледждердегі студенттердің де саны өсіп келеді. Бүгін де жатақханадағы орын тапшылығы әсіресе Маңғыстау облысында байқалады. Аталған бағытта студенттерді жатақханамен қамтамасыз етудің жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысы» - дейді Алуа Жолдыбалин.  

Спиер жатақхана құрылысының инвестициялық тартымдылығы турасына да тоқталды. Студенттерге арналған жатақхананы салудың тиімділігіне айтқан ол, бірінші кезекте білім беру саласына көптеп қаржы құйылатынына сенімді. Екінші мәселе, студенттердің алаңсыз білім алуына да үлкен септігін тигізбек. Яғни, білім сапасының артуына көп көмек.

Алуа Жолдыбалинаның айтуынша, шет мемлекеттерде жатақханаларды басқару белгілі бір компанияға тапсырылады. Сол компания жатақхананы өз активіне алып, студенттерді іздейді. Ол әлемдегі қалыптасқан тәжірибе. Яғни, жатақханаларды басқару менеджменті бар. Шетелдік экономистердің мәліметтеріне құлақ ассақ, егер жалға беруден түсетін пайда 2-3 пайызды құраса, ал жатақхана саласында экономикалық табыс жылына 4-6 пайызды құрайды. Қазіргі кезде көптеген құрылыс компаниялары тұрғын үйлерден гөрі, жатақханаларды салуға ден қоюда.

Сарапшының келтірген мәліметі бойынша, соңғы 5 жылда студенттік жатақхана салудан ең көп жұмыс істеген Германия мемлекеті. Германия бұл бағытта 220 млн еуроға жуық инвестиция құйған.

«Енді Германия инвестицияны 2020 жылға дейін 22 пайызға ұлғайтамыз деп отыр. Одан бөлек, АҚШ-та жатақхана тұрғызатын көптеген құрылыс компанияларына жеңілдік беріледі. Сонымен қатар, студенттер жатақханасы құрылысына инвестицияны көптеп салатын елдердің ішінде Ұлыбритания мемлекеті де бар. 75 мың орындық жатақхана салуда мемлекеттің күшімен бірге, іске бизнес өкілдерін де шақыру керек. Бизнес мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жатақхана құрылысын жүргізуі тиіс. Бүгін де әлемдегі ең үлкен швед компаниясы жатақхана бойынша үлкен жобаны жүзеге асыруда. Одан бөлек АҚШ-тың құрылыс компаниялары жекеменшік жатақхананы салып жатыр», - деді сарапшы.

Алуа Жолдыбалинаның айтуынша, бүгінгі әлемдік тренд - модульдік технологиялар негізінде салынған жатақханалар. Яғни, құрылыс компанияларының жатақхана типіндегі модульдік тұрғын үйлерді салу үлкен кіріс әкеліп жатыр. Оның ішінде, АҚШ-тағы ірі құрылыс компаниялары соңғы 7 жылда тек тұрғын үй нарығында студенттік жатақхананы салуға кіріскен.

«АҚШ, Германия секілді мемлекеттердің соңғы 5 жылдағы жұмыс бағытын бағамдасақ, жатақханаға инвестиция салу және оны басқаруда үлкен менеджменттерге ден қойып жатыр. Канадада студенттердің өзінен құрылған Үкіметтік емес ұйымдар бірігіп, жатақхана салып, оны өздері басқарып жүр. Яғни, форматтар әр түрлі. Бізге бизнес құрылымдармен біріге отырып, жалпы жатақхана салудың тиімділігі бойынша алгоритмдер мен механизмдерді ойластыру керек. Бұл жоба әрине өте тиімді болады», - деп түйді сарапшы.  

Сонымен қорыта айтқанда, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (KAZISS) жетекші сарапшылары–саясаттанушылар, экономистер, әлеуметтанушылары Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын сөз қолдап отыр. Бұл елдің тұрмыс-тіршілігін ғана түзеп қоймай, білім сапасын арттыруға, кәсіпкерлік нысандарының артуына, тіпті демограциялық жағдайды түзелуіне де көп септігін тигізетініне сенімді.

Аягөз Құрмаш 

 




Яндекс.Метрика