Инновациялық Қазақстан - 2020 мемлекеттік бағдарламасы

4G қызметі 2015 жылдың соңына дейін барлық облыс орталықтарында іске қосылады

Көлік және коммуникация министрлігі 2015 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық облыс орталықтарында 4G қызметін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде бүгін Қазақстан-Беларусь IT-форумында ҚР көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлім етті.
Казахстан04 Наурыз , 00:00

«Қазіргі уақытта коммуникация саласын дамытудағы басты міндеттердің бірі Қазақстан халқын қазіргі заманғы технологиялар – 3G, 4G, FTTH, FTTB, CDMA 450 және 800 бойынша ғаламтор желісіне кең жолақты қолжетімділік қызметімен қамтамасыз ету болып табылады», - деп атап өтті С. Сәрсенов.

Ол жыл аяғына дейін барлық облыс орталықтарында 4G қызметін енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Қазіргі күні бұл технология Алматы мен Астана қалаларында іске қосылған.

«Мұнымен қатар 2015 жылға қарай сандық телерадио таратумен қамту 100 пайызға жетеді. Қазірде бұл көрсеткіш 23 пайызды ғана құрайды», - деп толықтырды ол.

Айта кетерлік жайт, бірінші қаңтардағы мәліметке сүйенсек, елімізде ғаламтор желісін пайдаланушылардың саны 62,8 пайызға жеткен. Ал ұялы байланыс абоненттерінің саны, бірінші ақпандағы дерек бойынша, 100 тұрғынға шаққанда 177 пайызды құрап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада бүгін өткен жылы қараша айында ұйымдастырылған Қазақстан-Беларусь бизнес-форумының жалғасы болып табылатын Қазақстан-Беларусь IT-форумы өтіп жатыр. Форумға екі елдің мемлекеттік органдары, бизнес-құрылымдары мен үкіметтік емес секторының өкілдері жиналды.

Форум аясында өзекті IT-бағыттар, оның ішінде электрондық үкімет, электрондық сауда, бизнес және мемлекеттік құрылымдар үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, сондай-ақ жоғары технологиялық жабдық өндірісі бойынша тәжірибе алмасу көзделген. Форумда 25-тен астам компания өз өнімдерін таныстырды.




Яндекс.Метрика