Евразиялық экономикалық кеңістік

Қазақстан мен Беларусь ақпараттық-коммуникация саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

Қазақстан мен Беларусь ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ. Бүгін Астанада өтіп жатқан IT-форум барысында екіжақты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Казахстан04 Наурыз , 00:00

«Меморандумда IT-бизнесті дамытудағы басым бағыттар айқындалды. Тек инвестициялық бағытта ғана емес, сондай-ақ мамандарды оқыту және бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістік аясында ынтымақтастықты дамыту үшін қажет ортақ жобалар құруды да көздеп отырмыз», - деді Беларусь Республикасының Байланыс және коммуникация министрінің орынбасары Николай Струков.

Алдағы уақытта екі мемлекет арасындағы келісімді жүзеге асырудың іс-қимыл жоспары әзірленеді. Н.Струковтың айтуынша, қазіргі уақытта бірыңғай экономикалық кеңістік аясында қолға алынған маңызды жұмыс – бірыңғай жүйе құру болып отыр. Бірыңғай жүйе кеден бекеттерінде жүктердің жылжуын жеңілдетіп, электрондық құжат айналымын оңтайландырады.

«Бүгінде біз екі ел арасында электрондық сандық қолтаңбаны енгізу жұмысын мықтап қолға алдық. Бұл шара тек қана құжат айналымын жеңілдетіп қана қоймай, жүктің тез жылжуына мүмкіндік береді. Бұл жүйе екі мемлекеттің жаңа технологиялық деңгейде ықпалдасуына жағдай жасайды», - деген сенімде Беларусь елінің вице-министрі.

Беларусь 2013 жылы Ресей елімен электрондық сандық қолтаңба енгізуді аяқтауды жоспарлап отыр. Ал Қазақстанда бұл жүйе 2014 жылдың қаңтар айынан іске қосылмақ.

«Бірқатар салаларда ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отырмыз. Бірлескен жобалар бар. Беларусь мемлекетінде мықты компаниялар жұмыс істейді. Олардың тәжірибесін пайдалануға мүдделіміз. Бізде де мұндай компаниялар бар. Екі тарап та тығыз серіктестік орнатуға ниетті», - деді ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сәрсенов.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада бүгін өткен жылы қараша айында ұйымдастырылған Қазақстан-Беларусь бизнес-форумының жалғасы болып табылатын Қазақстан-Беларусь IT-форумы өтіп жатыр. Форумға екі елдің мемлекеттік органдары, бизнес-құрылымдары мен үкіметтік емес секторының өкілдері жиналды.

Форум аясында өзекті IT-бағыттар, оның ішінде электрондық үкімет, электрондық сауда, бизнес және мемлекеттік құрылымдар үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, сондай-ақ жоғары технологиялық жабдық өндірісі бойынша тәжірибе алмасу көзделген. Форумда 25-тен астам компания өз өнімдерін таныстырды.




Яндекс.Метрика