Өңірлер

2013 жылы кәсіпкерлерді қолдау орталықтарына жүгінгендер саны 12%-ға артты – Қ.Бішімбаев

Қазақстанда «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жанындағы кәсіпкерлерді қолдау орталығына келгендер саны 12 пайызға артты. Бұл жайлы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі брифингінде «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бішімбаев мәлімдеді.
Астана қаласы30 Қаңтар , 13:28

«2013 жылы 19 мыңнан астам бастауыш кәсіпкер біздің қорымыздан түрлі қызмет түрлерін алу мүмкіндігін иеленді. Сонымен қатар, осындай қызмет түрлерін пайдаланғысы келетіндер саны да жыл санап өсіп келеді. 2012 жылмен салыстырғанда «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жанындағы кәсіпкерлерді қолдау орталығына келгендер саны 12 пайызға артты», - деді Қ.Бішімбаев.

Оның айтуынша, БЖК бағдарламасын іске асырған уақыт ішінде «Даму» қорының 1 мыңдай кәсіпкері 133 млрд теңгенің қызметін пайдаланды. Төленетін субсидия динамикасы жыл санап өсіп келеді.

Бішімбаевтың айтуынша, Қазақстанда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары желісін кеңейту жоспарланып отыр. Оған алдағы уақытта тағы да қосымша бағдарламалар енгізілмек.

«Президент халықты бизнестің жаңа бағыттарына баулуға баса назар аударды. Яғни, адамдарға жаңа кәсіп ашу үшін ақыл-кеңес беру керек. Біздің қордың қызметінің аясында шағын кәсіпкерлік үшін осындай шаралар атқарылады», - дейді басқарма төрағасы.

Айта кету керек, қазіргі таңда Қазақстанда 17 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ашылды, 27 моноқалада кәсіпкерлікті қолдау орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, барлық өңірде «Даму» қоры тарапынан кәсіпкерлікті қолдаудың мобильді орталықтары жұмыс істеп тұр.




Яндекс.Метрика