Инфрақұрылымның дамуы

Әсет Исекешев: «Әбу-Даби Плаза» құрылысына жергілікті компанияларды тарту қажет

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Астана қаласындағы «Әбу-Даби Плаза» жобасы бойынша кеңес өткізді. Бұл жоба мемлекет Басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктерінің басшыларымен келісімі төңірегінде іске асырылуда, деп ИЖТМ баспасөз қызметі хабарлады.
Астана қаласы29 Қаңтар , 18:05

«Жобаны БАӘ инвесторлары толығымен қаржыландыруда. Инвестициялардың жалпы көлемі 1,6 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бүгінгі күні энергияны үнемдеу және экология саласындағы озық технологиялар бойынша салынатын, Қазақстандағы ең бірінші кешен, ТМД-да жоспарланатын барлық жобалардан ең биік тұрғын үй кешені және өзінде «бизнес, тұрғын үй және ойын-сауық» ұғымдарын қамтитын ерекше көп функционалдық кешен (кешен өзінде бөлшек сауда нысандарын, кеңселерді, қонақүйді және тұрғын үй жайларын қамтиды)», - делінген хабарламада.

Кеңесте құрылысты 2016 жылдың соңына дейін аяқтау мақсатында («ЭКСПО-2017») 2014 жылға арналған жұмыстар жоспары талқыланды. «Алдар Пропертиз» басқарма төрағасы Әбу Бәкір әл-Хуридің ақпаратынша, 2014 жылы кешен құрылысына жұмыстың екі ауысымдық тәртібінде 7 мыңға жуық адам тартылады.  Осы уақытта құрылыс алаңында 1000 тарта адам жұмыс істеуде.

«Біз «Әбу-Даби Плаза» құрылысына жергілікті компанияларды тартуымыз қажет», - деп айтты вице-премьер.

Осыған орай тараптар жақын арада «Әбу-Даби Плаза» жобасын жүзеге асыруға отандық құрылыс компанияларын және құрылыс материалдарын өндірушілерді тарту мақсатында қазақстандық мердігерлік ұйымдардың қатысуымен кеңес өткізуге уағдаласты.

«Мемлекет Басшысы өзінің жуырдағы Жолдауында Қазақстандағы бизнесті қолдауға қайтадан ерекше назар аударды. Оған қоса, отандық құрылыс индустриясын дамыту ҮИИД бағдарламасының бір басымдығы болып табылады. Ал жергілікті мазмұнды арттыру саясаты - кәсіпкерлерімізді қолдаудың тиімді құралы. Және біз Президент тапсырмаларын орындау үшін барлық шараларды қабылдауға тиіспіз», - деп қорытындылады Әсет Исекешев. 

 




Яндекс.Метрика